
Қоғам белсендісі Сардар Әбдіжақия әлеуметтік желіде Серікжан Біләштың мәлімдемелеріне қатысты пікір білдіріп, құзырлы органдарды бұл жағдайға назар аударуға шақырды, деп хабарлайды tiek.kz.
Қоғам белсендісінің айтуынша, Біләштің билікке, сот және прокуратура өкілдеріне қатысты айтқан сөздері қоғамда белгілі деңгейде дүрбелең тудыруы мүмкін. Яғни мұндай мәлімдемелер ел ішінде арандатушылық сипат алып, қоғамдық тұрақтылыққа қауіп төндіреді деп есептейді.
«Серікжан Біләш «экстремистік ұйым» деп танылуы керек! Елді арандатушы Серікжан Біләш, «Біз билікті қолға аламыз, судьларды, прокурорларды басын шабуды бастаймыз» — деп ақпарат таратуға көшті. Ол өзінің жалған сөздеріне елді сендіруге тырысып, елді арандатып жатыр. Оның сөзіне сенгендер сотталып жатқанда, шет елде отырып Қазақстан билігін қолға алуды ниет еткен есалаңның сөздері үшін, оның бейбіт мемлекетіміздің тыныштығын бұзуды, билікті құлатуды көздеген надан шұғыл түрде «экстремистік ұйым» деп танылып, елге экстрадицияланып, қылмыстық жауапкершілікке тартылуы керек!», — дейді қоғам белсендісі.
Осылай деп атап өткен ол Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Ақорда өкілдерінен аталған мәселеге құқықтық баға беруді сұраған.
«Еліміздің тыныштығы мен қанша адамның өмірінің құрбандығы арқасында келген тәуелсіздігімізге қастандық ойлаған адам қылмыстық жауапқа тартылып абақтыға тоғытылуы шарт!
Мемлекетіміздің тәуелсіздігін, Серікжан секілділердің сандырағына айырбастамаймыз! Қаралы қаңтар сабақ болып, ондай жағдайдың қайталануына жол берілмеуі тиіс!
Мемлекетіміздің, халқымыздың тыныштығы мен тәуелсіздігі бәрінен қымбат!» , — деп жазған ол өзінің facebook парақшасында.



