Зеленскийдің сәлемінен кейін Кремль 9 мамыр шеруіне шетелдік журналистерді кіргізбейтін болды
Жақында Украина президенті Владимир Зеленский Мәскеудегі парадқа қатысты маңызды мәлімдеме жасап, дрондарын қонаққа жіберуі мүмкін екенін айтқан еді.
Мәскеуде өтетін Жеңіс шеруінде биыл айтарлықтай шектеулер болатын секілді. Ресей билігі бұрын берілген аккредитацияларды қайтарып алып, шетелдік журналистердің іс-шараға қатысуына тыйым салып жатыр, деп хабарлайды tiek.kz.
Der Spiegel басылымының хабарлауынша, Кремль шетелдік БАҚ өкілдеріне жолданған бұған дейінге шақыртулардың күшін жойған. Бұл шешім тек неміс басылымдарына ғана емес, әлемдік деңгейдегі бірқатар ірі медиа агенттіктерге де қатысты болып отыр.
Spiegel дереккөзіне сүйенсек, БАҚ өкілдеріне шеруді тікелей алаңнан көрсетуге рұқсат берілмеген:
- Германия: ARD, ZDF, Der Spiegel;
- Ұлыбритания: Sky;
- Франция: AFP (Agence France-Presse);
- Италия: Rai телекомпаниясы;
- Жапония: NHK телекомпаниясы.
Кремльдің ресми уәжі
Ресей билігі бұл қадамды «қалыптасқан жағдайға байланысты форматтың өзгеруімен» түсіндірді. Кремль таратқан ресми хабарламада:
«Қалыптасқан жағдайға байланысты шеруді жариялау форматы өзгертілді. Сондықтан бұған дейін аккредитация алған шетелдік БАҚ өкілдері іс-шараға жіберілмейді», — делінген.
Биылғы шеруді жариялау құқығы тек ресейлік мемлекеттік БАҚ өкілдеріне ғана беріліп отыр.
Der Spiegel басылымы бұл жағдайдың бұрын-соңды болмағанын ерекше атап өтті. Бұл — шетелдік журналистерге алдымен ресми рұқсат беріліп, кейін оның күшін кенеттен жойған алғашқы жағдай.
Сарапшылар бұл шешімді Владимир Зеленскийдің соңғы мәлімдемелерімен және қазіргі қауіпсіздік жағдайымен тікелей байланысты болуы мүмкін екенін айтады.
Жақында Украина президенті Владимир Зеленский Мәскеудегі парадқа қатысты маңызды мәлімдеме жасап, дрондарын қонаққа жіберуі мүмкін екенін айтқан еді. Сондай-ақ, ол Зеленский шетелдік мемлекеттердің өкілдеріне Мәскеуге баруды ұсынбайтынын ашық айтты. Оның айтуынша, Украина Ресей аумағында болуы мүмкін оқиғаларға жауапты емес және ешқандай қауіпсіздік кепілдігін бере алмайды.
Зеленскийдің мәлімдемесінен кейін Мәскеудегі парад тек мереке емес, «жоғары қауіпті аймаққа» айналды. Егер парад кезінде қандай да бір ақау шықса (мысалы, техниканың бұзылуы немесе дрон көрінуі), оны тек ресейлік мемлекеттік БАҚ бақылап, монтаждап көрсете алады. Ал шетелдік еркін журналистер (Der Spiegel, AFP, NHK) мұндай сәттерді бүкіл әлемге жариялап жіберуі мүмкін.
Кремльдің шетелдік БАҚ-ты шеттетуі — Зеленскийдің «дрондар келуі мүмкін» деген сөзінен кейін туындаған сақтық шарасы және ақпараттық блокада жасау әрекеті деп бағалануда.



