Саясат
Тренд

Вице-президент лауазымы ресми түрде бекітілді

Президент пен экс-Президент мәртебесіне қатысты өзгерістер енгізілді.

Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының бірлескен отырысында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заң жобасын таныстырды, деп хабарлайды tiek.kz.

Министрдің айтуынша, құжат 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституцияны іске асыру мақсатында әзірленген.

Құжаттағы редакциялық өзгерістер енгізіліп, нормалар Құрылтай институтына бейімделген.

Заң жобасы 8 тарау мен 43 баптан тұрады. Құжатта Президенттің мәртебесі, қызметке кірісу тәртібі, өкілеттік мерзімі және лауазымға байланысты шектеулер қарастырылған.

Министрдің сөзінше, заң жобасында кезектен тыс сайлау институтынан бас тарту ескеріліп, сайлау өткізу және ант беру рәсімдері нақтыланған. Сонымен бірге суперпрезиденттік басқару моделінен бас тартуға бағытталған бұрынғы қағидаттар сақталған. Атап айтқанда, Президенттің бір реттік жеті жылдық мерзімі, оның жақын туыстарына қойылатын шектеулер және Мемлекет басшысының саяси партия мүшесі болмауы туралы нормалар өзгеріссіз қалған.

Құжаттағы негізгі жаңалықтардың бірі – Қазақстан Республикасының Вице-Президенті институтын енгізу. Министрдің айтуынша, бұл қадам мемлекеттік басқару жүйесінің тұрақтылығын күшейтіп, жоғары билік органдарының үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған.

Заң жобасының 3-тарауында Вице-президентті тағайындау тәртібі нақты белгіленген. Оған сәйкес, Вице-президентті Президент Құрылтайдың келісімімен тағайындайды.

Сондай-ақ кандидатқа қойылатын біліктілік талаптары, өкілеттігін тоқтату негіздері және жоғары лауазымды тұлғаларға қойылатын шектеулер қарастырылған.

Вице-президенттің негізгі функциясы – Президенттің тапсырмасы бойынша мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл барысында Мемлекет басшысының атынан өкілдік ету, – деді Ерлан Сәрсембаев.

Оның сөзінше, Вице-президенттің нақты өкілеттіктері Президент актілері арқылы реттеледі. Бұл мемлекеттік басқару жүйесін икемді етіп, практикалық міндеттерге бейімдеуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Вице-президенттің қызметін Президент Әкімшілігі қамтамасыз етеді.

Парламент Палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заңын бірінші оқылымда мақұлданды

Парламент «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдап, құжат бойынша комиссия құрамын бекітті.

Парламент палаталарының заң жобасы бойынша бірлескен комиссиясының құрамына Мәжілістен депутаттар Жанарбек Әшімжанов, Серік Ерубаев, Павел Казанцев және Үнзила Шапақ, ал Сенаттан Бибігүл Жексенбай, Сергей Карплюк, Марат Қожаев, Андрей Лукин кірді.

Комиссия төрағасы болып Үнзила Шапақ сайланды.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button