Қазақстанның саяси сахнасындағы соңғы өзгерістер қоғам ішінде қызу талқыға түсіп жатыр. Айбек Дәдебайдың жаңадан құрылған «Әділет» партиясына төраға болып сайлануы саяси жүйеде жаңа кезеңнің басталғанын меңзейтіндей. Бұл қадамды қалай түсінуге болады? Бұл «Аманат» дәуірінің аяқталуы ма, әлде еліміз АҚШ үлгісіндегі қос партиялық жүйеге қарай бет алды ма? Tiek.kz ақпараттық порталы осы және өзге де сауалдарды саясаттанушы, PhD Қазбек Майгелдиновке қойып, саяси науқанның ықтимал сценарийлерін талдады.
Қазбек Майгелдинов Айбек Дәдебайдың жаңа партия тізгінін ұстауын заңды әрі күтілген қадам деп санайды. Оның айтуынша, бұл процестің саяси астары терең:
«Айбек Дәдебайдың Президенттің тікелей тапсырмасымен қоғамдық-саяси жұмысқа өтуіне байланысты ақпарат шыққанның өзінде, мен оның осы «Әділет» партиясының төрағасы болатынын болжаған едім. Өйткені бұл логикалық тұрғыдан түсінікті. Неге десеңіз, біріншіден, «Аманат» (бұрынғы «Нұр Отан») партиясы ребрендингтен өткенімен, оның әлеуметтік страталары, қай электоратқа бағытталғандығы және жинақталған бэкграунды – Қ.Тоқаевтың 2019 жылдан бергі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Әділетті Қазақстан» құру принциптеріне көп жағдайда толыққанды сәйкес келмей жатты».
Сарапшының пікірінше, «Аманаттың» бұған дейінгі жинақтаған бэкграундының позитивті де, негативті де тұстары бар. Сол себепті жаңа саяси ұйымның құрылуы уақыт талабынан туындап отыр.
«Сондықтан бұл тұрғыдан алғанда, «Әділет» партиясының пайда болуын – конституциялық реформалардың бір жалғасы, жаңа институционалдық келбет ретінде қарастыру керек. Олардың негізгі құндылықтары, әлеуметтік әділеттілік пен патриотизм бағыттары Президенттің бастамаларымен үндеседі. Олардың өздерін тіпті «президенттік партия» деп атауының өзінде де үлкен мән жатыр деп ойлаймын», – дейді Майгелдинов.
Сонымен қатар, саясаттанушы алдағы электоралды циклде «Әділеттің» саяси салмағы зор болатынын атап өтті:
«Алдағы электоралды циклдің ішінде «Әділет» партиясының орны бөлек болады. Қанша дегенмен де, оның центристік партия ретінде «Аманатқа» бірден-бір бәсекелес екендігі көрініп тұр».
Дегенмен, Қ. Майгелдинов бұл жағдайды АҚШ-тағы қос партиялық жүйемен салыстыруға болмайтынын кесіп айтты. Оның пайымынша, Қазақстан өзінің көппартиялық моделімен дамуын жалғастырады:
«Бірақ бұл АҚШ үлгісіне тура келмейді. Өйткені бізде көппартиялық жүйе, міне, қазір 8-ші партия пайда болып отыр. Бәлкім, реформалар жалғасатын болса, партиялардың саны одан да көп болуы мүмкін. Мәселе партияның көптігінде емес, олардың сапасында. Сондықтан, алдағы тамыз айында өтетін электоралды циклде кейбір партиялардың тіпті бірігуін де көруіміз мүмкін. Бірақ тура АҚШ немесе Ұлыбритания форматындағы екі саяси партиялық жүйемен дамитынымызға ешқандай алғышарт жоқ сияқты. Әлі де болса біз осы көппартиялық жүйенің ізімен жүретін сияқтымыз».
Құрылтайда қай партия қандай орын алуы мүмкін?
Қазбек Майгелдинов алдағы электоралды науқандағы партиялардың орналасу конфигурациясы бойынша келесідей болжам жасайды:
-
«Аманат» партиясын фаворит емес деп айтуға келмейді. Өйткені «Әділет» партиясының 5000-нан астам жақтастарын миллионға жуық аманаттықтармен салыстыруға әзірге келе қоймас. Әрине жаңа партия құрамын толықтыруы мүмкін.
-
«Әділет» партиясына «Аманатты» басып озатындай айтарлықтай үлкен басымдық беріле қоюы екіталай.
-
Сарапшының көзқарасы бойынша алғашқы үштік былай қалыптасады: бірінші орын – «Аманат», екінші орын – «Әділет», үшінші орын – «Ауыл» партиясы.
-
Төртінші және бесінші орындардың бөлінісі толықтай саяси конфигурацияға байланысты болады.
-
Бұл орындар үшін «Республика», «Ақ жол», «ЖСДП» немесе «Қазақстан Халық партиясы» бәсекеге түсуі мүмкін, нәтиже олардың халықпен қалай жұмыс істейтініне тікелей тәуелді.
-
Сонымен қатар, 4 пен 5-орындарды «Республика» және «Байтақ» сияқты жаңа партиялар иеленуі ықтимал.
(Tiek талдауы)
БИЛІК ЖАҢА ПАРТИЯ ТӨРАҒАСЫН ӨЗІ ТАҒАЙЫНДАЙ МА?
«Президенттің арнайы тапсырмасымен» деген бір ауыз сөз бүгінгі саяси жүйенің шынайы бетпердесін ашып тастағандай ма?
«Таяу уақытта елімізде ауқымды саяси науқан өтетіні белгілі. Осындай сындарлы сәтте Айбек Арқабайұлы мемлекет басшысының арнайы тапсырмасы бойынша қоғамдық-саяси жұмыспен айналысады» (05.05.2026ж.)
Бұл Президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияровтың Telegram-дағы ресми мәлімдемесі.
Ал арада екі күн өткенде, яғни бүгін (07.05.2026 ж.) Айбек Дәдебай жаңадан құрылған «Әділет» партиясының төрағасы болып сайланды.
Сырт қарасаң, бәрі заңды, бәрі қалыпты сияқты. «Қазаншының еркі, қайдан құлақ шығарса» деуге де болар еді.
Бірақ бұл жерде Айбек Дәдебайдың саяси салмағы мен бұған дейінгі қызметтік бэкграундын ескермеске болмайды. Ол кездейсоқ адам емес. А.Дәдебай 2022-2024 жылдары ҚР Президентінің Іс басқарушысы, ал 2024 жылдың ақпанынан күні кешеге (2026 жылдың 5 мамырына) дейін ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы қызметін атқарды. Яғни, ол тікелей Мемлекет басшысының ең жақын, ең сенімді аппаратын басқарған, Ақордадағы негізгі шешімдердің қайнар көзінде отырған жоғары лауазымды шенеунік.
Осындай ықпалды фигураның кенеттен мемлекеттік қызметтен кетіп, саяси партияның тізгінін ұстауы бір үлкен сұрақ тудырады!
Қашаннан бері жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкер «Президенттің арнайы тапсырмасымен» қоғамдық-саяси жұмыспен айналысатын болған? Сонда Айбек Дәдебай жаңа партияның төрағасы болуына Президент тапсырма бергені ме?
Біздегі саяси партиялар тәуелсіз ұйым емес пе еді? Әлде енді партия төрағалары да жоғарыдан бекітілетінін ашық айтатын болған ба?



