Қоғам
Тренд

«Итке өкпелеп, Жаңбыршин де біраз жерге барды»: Парламент ақыры даулы заңды қабылдап тынды

Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға Сенат ұсынған жаңа редакциямен келісті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттар атап өткендей, Сенат қаралып отырған заңға қатысты бірқатар түзетулер енгізді. Олар қараусыз жануарлардың санын реттеу мәселелерін (тәртібі мен мерзімдерін қоса алғанда) жергілікті өкілді органдардың деңгейіне беруге қатысты. Сондай-ақ «қараусыз жануарлар» ұғымы нақтыланып, ветеринариялық қорытынды негізінде жануарларды жансыздандыру туралы шешім қабылдау туралы норма толықтырылды.

Жалпы алғанда, Мәжіліс қабылдаған заңның тұжырымдамасы өзгермейді, түзетулер тек нақтылау сипатына ие. Бұралқы иттерді қайтарымсыз аулау моделі сақталады.

Осы мәселеге қатысты қаулыны депутаттар дауысқа салып, қорытынды шығарды. Қатысып отырған 90 депутаттың 86-ы жақтап дауыс берсе, 2 депутат қалыс қалды және тағы 2 депутат заңға қарсы дауыс берді.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бұл заң қоғамда қызу талқыланғанын атап өтті.

Заңды бүгін екі палата да қабылдады. «Битке өкпелеп, тонын отқа жақты» деген сөз бар еді. Итке өкпелеп, Еділ Терекбайұлы да біраз жерге барды. Бірақ заң қабылданды. Мемлекет басшысының жануарларға жауапкершілікпен қарау жөніндегі тапсырмасы бойынша да заң жобасында қаралды. Сол себепті осының маңайындағы пікірталасты тоқтатқан дұрыс болады деп ойлаймын, — деді Қошанов.

Еске сала кетейік, бұған дейін Еділ Жаңбыршин ұғым бұрмаланғанын, заңда жануарларды “ату” туралы норма жоқ екенін мәлімдеді.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button