Оқиға
Тренд

Астанада LRT станциясынан өрт шықты (ВИДЕО)

Астанада салынып жатқан LRT желісінің аялдама павильонында өрт шықты. 

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, қалалық «112» пультіне Сарайшық ауданы мен Нұрмағамбетов көшесі маңындағы нысанның жертөлесінен түтін шығып жатқаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер электр қалқанындағы кабельдер мен құрылыс қоқыстарының жанып жатқанын анықтады. Жалпы аумағы 10 шаршы метрді шарпыған қызыл жалын жедел сөндіріліп, оттың көрші бөлмелерге таралуына жол берілмеді.

Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ, қазіргі уақытта өрттің шығу себебі тексеріліп жатыр.

Бұл оқиға кезінде елордалық өрт сөндірушілерге қытай тілін білу қабілеті жағдайды тез бағамдауға септігін тигізді. №23 өрт сөндіру бөлімінің қызметкері Бейбіт Қыран нысандағы шетелдік жұмысшылармен тілдесіп, ғимарат ішіндегі ахуалды нақтылап, адамдарды қауіпсіз аймаққа жіберген.

Министрліктің ақпаратына сүйенсек, Бейбіт Қыран 2017 жылы Қытайдан тарихи отанына оралып, Астанада отбасын құрған.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button