Қоғам
Тренд

«Көңілді оркестр»: Астанадағы жаңадан ашылған «Самал» саябағын бақа басып кетті (ВИДЕО)

Әлеуметтік желілерде Астанадағы кеше ғана ашылған Samal Park саябағына қатысты күлкілі видеолар тарап жатыр. Қала тұрғындарының айтуынша, жақында ашылған саябақ күтпеген жерден «тірі табиғат» ордасына айналып шыға келген. Нақты айтар болсақ, айналасы бірер күнде парк айналасы бақылдаған бақаға толып кеткен, деп хабарлайды tiek.kz.

Демалушылар парктің тыныштығын жер дүниені жаңғырықтырып бақылдап жатқан бақалардың дауысы бұзып тұрған жазбаларымен бөлісіп жатыр. Кейбірі бұған шағым жасап жатса, кейбірі әзілмен қабылдап, астана тұрғындарына бақаның табиғи дауысын есту мүмкіндігін сыйлаған шенеуніктерге рахмет айтып жатыр.

Мамандар бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді. Айтуынша, бұл дыбыстардың бақалардың көбею (жұптасу) кезеңіне байланысты болып отыр. Еркек бақалар ұрғашыларын өзіне тарту үшін осындай әдісті қолданады. Бұл процесс бақалардың белсенді түрде дауыстауы көбею маусымы аяқталғанға дейін, яғни мамыр айының ортасына дейін жалғасады. Уақыт өте келе олардың белсенділігі төмендеп, саябақ бұрынғы қалыпты жағдайына оралады.

Сондай-ақ экологтар мен биологтардың айтуынша,  саябақтағы су айдындары мен ондағы тіршілік иелері қалалық экожүйенің қалыптаса бастағанын көрсетеді. Әсіресе бақалардың болуы судың тазалығы мен қалыпты деңгейін білдіреді. Әрі зиянды жәндіктерді (әсіресе масаларды) азайтуға көмектеседі.

Астана тұрғындары мен қала қонақтарының сүйікті орнына айналған «Самал» саябағы әл-Фараби, Керей-Жәнібек хандар көшелері мен Бұқар жырау даңғылы аумағында орналасқан.

Саябақтың ашылуына мемлекет басшысы Тоқаев қатысып, экобелсенділермен бірге «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында парк аумағына ағаш екті.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button