Тоқаев Қазақстанды криптохабқа айналдыруды тапсырды
Тоқаев Қазақстанды цифрлық теңге мен финтехті дамыту арқылы өңірлік криптохабқа айналдыру мақсатын атады, деп хабарлады tiek.kz телеграмм-арнасы.
Президенттің айтуынша, елімізде қолма-қолсыз төлемдердің үлесі 80 пайыздан асқан. Бұл цифрландырудың қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді. Цифрлық теңгені кеңінен енгізу бюджет шығындарының ашықтығын арттырып, транзакциялық шығындарды азайтады.
Бұл өз кезегінде Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын күшейтуге мүмкіндік береді.
Тоқаев үкімет пен Ұлттық банкке цифрлық активтерді дамыту стратегияларын үйлестіруді тапсырды. Оның айтуынша, бұл Қазақстанды криптохабқа айналдырудағы маңызды қадам. Президент сондай-ақ қазіргі бюрократиялық жүйе бюджет қаражатының тиімділігін төмендететінін атап өтті. Оның сөзінше, кей жағдайда қаражаттың тиімділігі 30 пайызға дейін азаюы мүмкін.
Осыған байланысты ол жасанды интеллектке негізделген платформалық тәсіл енгізудің маңызын айтты. Мұндай жүйе күмәнді транзакцияларды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы тек мемлекеттік ресурстарға сүйену стратегиялық қателік болатынын да ескертті. Оның айтуынша, мемлекет жеке капитал үшін цифрлық платформаларды негізгі құралға айналдыратын жағдай жасауы тиіс.



