Қоғам

Польшада тыңшылықпен ұсталған қазақ шенеунігі босатылды

Ол 2025 жылдың жазында Польшаның Быдгощ қаласында тұтқындалған еді.

Польша Ресей пайдасына тыңшылық жасады деп айыптаған Қазақстанның әскери қызметкері Әнуар Бақыбай бостандыққа шықты.

Ол Польша мен Беларусь арасындағы тұтқын алмасу аясында босатылған.

Айырбастау 28 сәуірде Польша-Беларусь шекарасында беске бес форматында өткен. Келісімге бірнеше ел қатысты, келіссөздер бір жылға жуық уақытқа созылды. Беларусь босатқандардың арасында журналист Анджей Почобут пен католик монахы Гжегож Гавель болды. Польша Молдовада опасыздық жасады деп сотталған Александр Баланды және ресейлік археолог Александр Бутягинді де тапсырды.

Бақыбай 2025 жылдың жазында Польшаның Быдгощ қаласында тұтқындалған еді. Польшаның барлау агенттігінің мәліметтері бойынша, ол дипломатияны бүркеме етіп, Польша мен НАТО әскери құрылымдарының қауіпсіздігіне қауіп төндіретін ақпарат жинаған. Ресми түрде Бақыбай Украинадағы Қазақстан елшілігінде әскери атташесі көмекшісі ретінде тіркелген.

Қорғаныс министрлігі Бақыбайдың Қарулы Күштерде қызмет ететінін растады, бірақ ешқандай мәліметтерді жарияламады. Сыртқы істер министрлігі Варшавадағы елшіліктің «құзыретті поляк билігімен үнемі байланыста екенін» хабарлады. Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұл іс бойынша ешқандай ақпараты жоқ екенін мәлімдеді.

Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Президенттің Баспасөз хатшысы Айбек Смадияровтың хабарлауынша, мұндай нәтижеге Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан азаматтарын, соның ішінде шетелдегі отандастарымыздың құқығы мен мүддесін дәйекті түрде қорғауының арқасында қол жеткізілген. Айтуынша, ұсталған адам биыл 28 сәуірде бостандыққа шыққан.

«Мемлекет басшысы таяуда Беларусь Президенті Александр Лукашенкомен телефон арқылы сөйлесіп, күрделі жағдай кезінде екі ел конструктивті тұрғыдан ынтымақтаса әрекет еткені үшін ризашылығын білдірді. Сонымен қатар Қазақстан Президенті оңтайлы нәтижеге қол жеткізуге ықпал еткен Ресей Президенті Владимир Путинге де алғыс айту орынды деп санайды. Мемлекет басшысы Польша Президенті Кароль Навроцкий мен Премьер-министр Дональд Тускке Польша тарапы орын алған жағдайға байланысты байыпты шешім қабылдағаны үшін ризашылығын білдіріп, хат жолдамақ», — деді Айбек Смадияров.

 

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button