Экономика

«Үнемдеу емес, жауапсыздық»: Депутат Казанцев бюджетті игермеген шенеуніктерді қатаң сынға алды

Қазақстанда жылда қайталанатын бір жайт бар. Ол – бөлінген қаражаттың игерілмеу қалуы. Қызығы мұны шенеуніктер мемлекет қаражатын үнемдеп қалдық деп есеп беріп жатады. Мәжіліс депутаты Павел Казанцевтің айтуынша, бұл үнемшілдік емес, біліксіздік. Турасын айтқанда қастандық, яғни сеніп тапсырылған жобаларды сәтсіздікке ұшырату, деп хабарлады tiek.kz.

Депутат Павел Казанцев бұл ұғымдардың іс жүзінде мүлдем басқа дүние екенін эмоцияға толы мәнерімен түсіндіріп берді. Сеніп тапсырылған жобаларды сәтсіздікке ұшыратқан мемлекеттік қызметшілерді қатаң жазалау керек. Депутаттың айтуынша, бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері өздерінің біліксіздігін «үнемдеу» деген әдемі сөзбен бүркемелеп отыр.

«Үнемдеу дегеніміз — бюджетті игере отырып тендер өткізу. Мәселен, маған шартты түрде 100 миллион теңге бөлінді делік, ал мен тендерді ең тиімді бағамен 99 миллионға өткіздім. Содан 1 миллион қалды. Міне, бұл — үнемдеу. Ал игермеу дегеніміз — сен 100 миллионға жоба жасап, сараптамадан өткізіп, тендер жариялап, құрылысты бастауың керек еді. Бірақ сен тіпті ЖСҚ (жобалау-сметалық құжаттама) да дайындаған жоқсың! Бұл не сонда? Бұл жай ғана игермеу ме? Бұл — салғырттық (раздолбайство)! Бұл — мемлекеттік жоспарлау және орындау жүйесінің істен шығуы», — дейді депутат.

Павел Казанцев кей жағдайда бюджеттің орындалмауына орындаушыларға байланысты емес объективті себептер де әсер ететінін мойындайды. Мысал ретінде ол ауқымды су тасқынын келтірді. Мұндай кезде қаражат шұғыл түрде Төтенше жағдайларды жоюға бағытталады, соның салдарынан жоспарлы бағдарламалардың күл-талқаны шығады.

Бірақ мұндай форс-мажорлар бір бөлек те, салғырттық мүлдем басқа мәселе. Депутаттың пікірінше, жобалардың іске аспауының негізгі себебі — жергілікті жерлердегі басшылардың жауапсыздығында.

«Сен алты ай бойы мұрныңды шұқып отырып, жыл соңында «Ойбай, үлгермедім!» десең, кешір әрине, мемлекеттен тиісті «шапалағыңды» ал да орныңды босатуың керек. Оның орнына істі түсінетін басқа адам келуі тиіс», — дейді Казанцев.

Сенімге қиянат жасау

Депутат шенеуніктерге жауапкершіліктің өте үлкен екенін еске салды. Бюджетті бекіту — өте күрделі механизм. Қаржы орындаушыға жеткенше, өтінім Қаржы министрлігінің, Ұлттық экономика министрлігінің қатаң сүзгісінен өтеді, содан кейін Парламент депутаттарымен (немесе жергілікті деңгейде мәслихаттармен) бекітіледі. Қаржының бөлінуі — көптеген мамандар мен халық қалаулыларының шенеунікке сеніп, мемлекет игілігі үшін нақты міндет жүктегенін білдіреді.

«Қаншама адам саған сеніп, осы бюджетті берді. Ал сен, салғырт, оны істемедің бе? Бұған қалай қарау керек? Бұны қандай да бір «үнемдеумен» бүркемелеу керек пе? Тағы да қайталаймын — бұл нағыз жауапсыздық және ол міндетті жазалануы тиіс», — деп түйіндеді депутат.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Tiek ақпарат порталы (@tiek.kz)

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button