«Шаруаларға да сапалы медицина, жақсы білім қажет»: Жәнібек Кенжебаев ет бағасына қатысты сөзіне түсіндірме берді
Сиыр етінің бағасы кемінде 10–12 мың теңге болуы тиіс. Ал қой еті 7 500 теңгеден төмен болмауы керек екенін айтқан еді.

Turan Қазақстандық мал шаруашылығы қауымдастығы Басқарма төрағасы Жәнібек Кенжебаев ет бағасына байланысты бұған дейін айтқан сөзіне түсініктеме берді.Айтуынша, елімізде ет бағасы арзан болмауы керек.
«Еттің бағасына қатысты бір рет айтқан пікірім үлкен талқыға түсті. Иә, мен сол кезде баға он мың теңге болуы керек дегендей әртүрлі ойлар айттым, содан түсініспеушілік туындады.
Біріншіден, мен сұхбат бергенде экспорттық бағаны айттым. Сол сұхбатта алдымен сиыр еті, одан кейін қой еті туралы сөз қозғадым. Негізінде, жалпы ет арзан болмауы керек. Егер бүкіл әлемдік статистикаға қарасаңыз, сиыр етінің бір килограмы 17 долларға дейін жетеді. 17 доллар дегеніңіз — өте қомақты ақша. Ал премиум санаттағы еттердің бағасы тіпті 50 долларға дейін барады.
Мәселен, жақында ғана Грузияға барып қайттық, көптеген елдердегі әріптестерімізбен сөйлесіп жатырмыз. Грузияда жер өте аз, мал да аз. Сондықтан ол жақта сиыр мен қой етінің бағасы өте жоғары.
Менің айтпағым — мал шаруашылығымен айналысатын ауыл тұрғындарының да жағдайы болуы керек қой. Оларға да сапалы медицина, жақсы білім қажет, балаларын оқытып, өз жағдайларын жасауы тиіс. Егер еттің бағасы тым арзан болып, мал шаруашылығымен айналысу тиімсіз болса, онда ауылдағы адамдар не істемек? Міне, мәселе осында жатыр», — дейді Жәнібек Кенжебаев.
Жәнібек Кенжебаевтың бұған дейін сиыр етінің әділ бағасы кемінде 10–12 мың теңге болуы тиіс. Ал қой еті 7 500 теңгеден төмен болмауы керек екенін айтқан еді. Айтуынша, мал өсірушілердің шығыны жыл сайын артып келе жатыр. Жем-шөп бағасының өсуі, жанар-жағармай құны, логистика мен жұмыс күшінің қымбаттауы еттің өзіндік құнына тікелей әсер етеді.
Қазіргі арықтағы қазіргі баға ауылдағы шаруалардың табысын қамтамасыз етуге жеткіліксіз. Бұл ұзақ мерзімде мал басының азаюына және ішкі нарықтағы ұсыныстың қысқаруына әкелуі мүмкін.
1 мамыр күні Астанада Dala.Camp ұлттық мал шаруашылығы экспедициясы бастады. Аталған жоба Қазақстанның 11 өңірін қамтып, оған 40-тан астам адам қатысады. Жоба далалық білім беру негізіндегі реалити-шоу форматында өтеді. Қатысушылар 6000 шақырымнан астам жол жүріп, жетекші шаруашылықтарға барып, тәжірибеден өтеді.
Экспедиция мал шаруашылығын дамыту мен Қазақстан экономикасы өсуінің негізгі бағыты ретінде қарастырылып, салаға жаңа көзқарас қалыптастыруға бағытталады.
Dala.Camp — шаруашылықты дамытудың жаңа моделі негізінде жұмыс істейтін платформа. Қазіргі таңда аталған платформа бизнес, технология және білім саласын біріктіретін үлкен халықаралық қауымдастыққа айналып отыр.
Посмотреть эту публикацию в Instagram



