Қоқыс арасынан елтаңба тауып алып, оны үйіне іліп қойған блогер айыппұл арқалады
Арада бірнеше жыл өткен соң бұл ақпарат жергілікті билікке жетіп, блогерге 216 мың теңге айыппұл салынған.

Желіде Жетісу облысында қоқыс алаңынан елтаңба тауып алған блогерге айыппұл салынғаны туралы ақпарат тарады.
Оқиғаға өңірлік Полиция департаменті түсініктеме берді.
Ақпарат бойынша, Жетісу облысы Жансүгіров ауылының блогері Данияр Бейісқали төрт жыл бұрын қоқыс арасынан Қазақстанның елтаңбасын тауып алып, оны үйіне алып кеткен. Ер адам мемлекеттік нышанды ретке келтіріп, тазалап, өз үйіне іліп қойған.
“Ниеті дұрыс сияқты көрінгенімен, бұл әрекет бәріне бірдей ұнай қоймаған. Арада бірнеше жыл өткен соң бұл ақпарат жергілікті билікке жетіп, блогерге 216 мың теңге айыппұл салынды”, – делінген хабарламада.
Жетісу облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, Ақсу ауданы әкімдігі полицияға Қазақстан Республикасының мемлекеттік елтаңбасын мақсатсыз пайдалану дерегі бойынша өтініш түсірген.
“Тексеру барысында аталған құқықбұзушылыққа жол берген Ақсу ауданының тұрғыны анықталды. Ол Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылды”, – деп мәлімдеді ведомствоның баспасөз қызметі.
Ведомство мемлекеттік рәміздер заңмен ерекше қорғалатынын еске салды. Оларды заңнамада белгіленген тәртіппен ғана пайдалануға болады.
“Мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарап, оларды заңсыз пайдалануға жол бермеулеріңізді сұраймыз”, – деді Жетісу облыстық Полиция департаменті.



