Ауылдан хат
Тренд

«Лесная поляна» компаниясына қаржы салған 500-ге жуық отбасы үйсіз қалғалы тұр

Астана іргесіндегі Қосшы қаласына қарасты «Лесная поляна» тұрғын алабының баспанасыз қалу қаупінде тұр. Тұрғындар бес жыл бойы бөліп төлеу (рассрочка) арқылы қаражаттарын толық өтегенімен, үйлерінің құжаттарын ала алмай отыр, деп хабарлайды tiek.kz.

Мәселенің төркіні құрылыс компаниясы мен банк арасындағы шиеленісте жатыр. Тұрғындардың айтуынша, олар пәтерді бөліп төлеуге алған кезде, компания үйлердің банкте кепілде (залог) тұрғанын жасырған.

«Бізді алдап сатты. Бұл пәтерлердің залогта тұрғанын ешкім айтқан жоқ. Тек құжат рәсімдеуге келгенде ғана бір-ақ білдік», – дейді ашынған тұрғындардың бірі.

Тұрғындардың басым бөлігі – көпбалалы аналар, мемлекеттік қызметкерлер мен медбикелер. Олар ай сайынғы табысының басым бөлігін (кейбірі 300 мың теңге жалақысының 200 мыңын) осы баспана үшін төлеп келген.

Ақша қайда кетті?

Тұрғындардың кассаға төлеген ақшасы банктің кепілдігін жабуға емес, құрылыс компаниясының басқа қарыздары мен үшінші тұлғалардың пайдасына кеткен болуы мүмкін. Адвокаттың пікірінше, бұл «қолдан жасалған бұғаттаулар» (искусственное обременение) арқылы жүзеге асқан. Ол аздай құрылыс компанияларыныңың «Жас Құрылыс», «Global Development» секілді атаулармен өзгертіліпі, компаниялар мен келісімшарттардың жиі ауыстырып отырған. «Бұл өз кезегінде алаяқтық белгілеріне ұқсайды», — дейді заңгерлер.

Тұрғындар бірнеше рет сотқа жүгінген. Бірақ барлығында да тұрғындар жеңіліс тапқан. Соңғы сот шешімі бойынша «құрылыс компаниясы банк алдындағы қарызын толық өтегенде ғана пәтерлер кепілден босатылады» деген үкім шыққан. Бұл қарапайым халықты тығырыққа тіреп отыр. Заңгерлер мен адвокаттар бұл істе шикілік көп екенін алға тартады. Тұрғындар ақшаны кассаға адал өткізген, қолдарында чектері мен актілері бар. Біра оған қарап жатқан ешкім  жоқ.

Осы дау бойынша  tiek.kz порталы тілшілері мәселе көтеріп, тұрғындардың өтінішін Мәжіліс депутаты Абзал Құспанға жеткізген еді. Алайда депутат бұл іске тікелей араласа алмайтынын айтады. Айтуынша, қазір сот процесі болып жатыр.

Тек редакциясы бұл мәселені мәжіліс депутаты Абзал Құспанға жеткізді. «Бұл жерде бір, мәселе бар. Ол жаңағыдай сот органдарына олар жүгініп қойды. Тиісінше біздің сот қызметіне араласуға қазір ешқандай мүмкіндігіміз жоқ. Сондықтан, бұл жерде біздің қолымыздан келетін жағдай — бас прокуратураға тиісті хат жолдап, прокуратура органдарының араласуына, яғни, осы мәселеге араласуын сұраймыз», — деді депутат. Бас прокуратураға Абзал Құспанның атынан хат жолданды.

Әкімдік не дейді?

Ақмола облысының әкімдігі берген жауапқа сүйенсек, облыс басшысы Марат Ахметжанов бұл мәселені тікелей өз бақылауына алған. Банк және құрылыс компаниясы өкілдерімен кездесулер өткізіп жатыр.

Қазіргі таңда Қосшы қалалық полиция бөлімі қылмыстық істі қайта қарап, 20-дан астам адам жәбірленуші деп танылған.

Тұрғындарға ақшаны қайтарудың қажеті жоқ. Себебі, 5-6 жыл бұрынғы 10 миллион теңгеге қазір баспана алу мүмкін емес. Олардың талабы біреу ғана – өздері толық төлеп қойған пәтерлерінің құжатын алу.

Редакция бұл мәселе бойынша Бас прокурор Берік Асыловтың атына ресми сауал жолдады. «Лесная поляна» тұрғындарының тағдыры алдағы тергеу амалдары мен биліктің нақты шешіміне байланысты болмақ. Біз жағдайды жіті бақылауда ұстаймыз.

 

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button