Қоғам

36 жеке сот орындаушысы лицензиясынан айырылды

Қазақстанда жеке сот орындаушыларына талап күшейетін болды. Мәжіліс мақұлдаған заң жобасына сәйкес, жеке сот орындаушыларын заңнама мен Кәсіптік ар-намыс кодексін білу деңгейі бойынша міндетті аттестаттау енгізу көзделген, деп хабарлайды tiek.kz.

Қайта аттестаттаудан өтпеген жағдайда олардың лицензиясы кері қайтарылады. Сондай-ақ көмекшілер мен тағылымдамадан өтушілерге қойылатын талаптар да қатаңдатылады.

Нақты айтар болсақ, соңғы үш жыл ішінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін жауапқа тартылғандарды сот орындаушы қызметіне жібермеу қарастырылған.

Республикалық жеке сот орындаушылары палатасының төрағасы Нұржан Арынғазиновтың айтуынша, бұл өзгерістер қызмет көрсету сапасын арттыруға арналған қадам болмақ.

Айтуынша, процедуралық және процессуалдық заң бұзушылықтарға қатысты жеке сот орындаушыларының үстінен арыз-шағымдар түсетін жайттар тіркелген. Мәселен,  өткен жылдың өзінде ғана  осындай шағымдар мен прокуратура мен әділет органдарының ұсыныстары негізінде 36 жеке сот орындаушысы лицензиясынан айырылған.

«Шағымдар негізінен процедуралық және процессуалдық заң бұзушылықтарға қатысты болады. Ол жерде тек шағымдар емес, сонымен қатар прокуратура мен әділет органдарының ұсыныстары да бар. Әр түрлі жағдайлар қарастырылған.

Бізде негізінен ақшаны уақытылы аудармау сияқты фактілер тіркелген. Осындай фактілерге байланысты 2025 жылы 36 жеке сот орындаушысы лицензиясынан айырылды. Олардың арасында екі немесе үш рет қайталанған заң бұзушылықтар бойынша жеке сот орындаушылары бар. Осы заң жобасында көзделген өзгерістер арқылы алдағы уақытта мұндай шағымдардың саны азаяды деп сенеміз», — дейді Республикалық жеке сот орындаушылары палатасының төрағасы Нұржан Арынғазинов.

Сондай-ақ ол қазіргі таңда жеке сот орындаушыларының жұмысын «сервистік модельге» көшіру бойынша үлкен жоба дайындалып жатқанын айтады.

«Біз қарастырып жатқан реформа — осы заң жобасы күшіне енгеннен кейін жүзеге асады. Бұл ең алдымен қарапайым халыққа бағытталған іс-шаралар жиынтығы. Яғни, атқарушылық іс қозғалған сәттен бастап сот орындаушысы қандай іс-әрекеттер жасауы керек, соның нақты алгоритмі мен кәсіби этикасы сақталуы тиіс. Бұл — қызмет көрсету сапасын арттыруға арналған қадам», — дейді Арынғазинов.

 

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button