Қоғам
Тренд

«Жануарлар құқығын алға тартып жүргендердің артында қаржылық мүдде тұр» — Еділ Жаңбыршин

Зооқорғаушылардың кейбірі көп жағдайды бұрмалап, манипуляция жасап жүр. Меніңше, мұның астарында қаржы мәселесі жатыр.

Елімізде қаңғыбас иттер мәселесі мен оған қатысты әзірленіп жатқан жаңа заң жобасына қатысты дау әлі басылар емес. Бір тарап адам қауіпсіздігін бірінші орынға қойып, заңның қабылдануын дұрыс көрсе, екінші тарап жануарлар құқығын алға тартып, заңның қабылдануына кедергі жасап бағып жатыр. Ал депуттар мұндай топтардың артында қаржылық мүдде тұрғанын айтады, деп хабарлайды tiek.kz.

«Олардан бәрін күтуге болады. Аргументтері таусылғанда, олар жеке басқа тиісуге көшеді. «Депутаттарды ату керек, бала-шағасына эвтаназия жасау керек» деген сияқты өте ерсі пікірлер жазылып жатыр. Мұның бәрі қоғамның назарын заңның мазмұнынан аударып, адамның жеке басын қаралау үшін жасалып жатқан дүниелер. «Партиядан шығарылсын» деген әңгімелер де айтылуда. Мен бұған қиналмаймын, өйткені халық кімнің кім екенін көріп отыр.

Олар «бұл заңды көпшілік қолдамайды» дейді. Бірақ сол «көпшілік» деп жүргендері — желідегі жүз шақты адам ғана. Тіпті көбі біздің елдің адамдары емес, фейк аккаунттар. Ал біз елді аралап, халықпен кездесіп жүрміз. Кеше ғана Жаңаөзенде «Бес сайыс» ұлттық өнер сайысында болдым. Сондағы халық: «Қабылдап жатқан заңдарың дұрыс, біз қолдаймыз» деп жатыр.

Сондықтан, наразы топ Астана мен Алматыдан шығып, ауыл-аймақты араласын, халықпен кездессін. Қолдарына телефон ұстап алып, тек желіде шуламай, нағыз халықтың үнін білгісі келсе, өңірлерге барсын. Сол жердегі ата-аналардан сұхбат алсын», — дейді Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин.

Мәжіліс депутатының айтуынша, бұрынғы қолданылған әдістер (иттерді аулап, чиптеп, қайта көшеге жіберу) өз тиімділігін көрсете алмады. Сондықтан жаңа заң жобасында «қайтарымсыз модель» ұсынылып отыр.

«Әлемде екі модель бар: қайтарымды және қайтарымсыз. Біз қайтарымсыз модельді таңдап отырмыз, себебі ол Франция, АҚШ, Жапония секілді дамыған елдерде тиімділігін дәлелдеген. Біздің басты мақсатымыз — көшеде иесіз ит жүрмеуі керек. Көптеген дамыған елдер осы жолды таңдаған. Қазір бұл тақырып төңірегінде манипуляциялар көп, өйткені мұнда үлкен ақша бар сияқты. Ең бастысы, Президенттің өзі бірнеше маңызды мәселені атап өтті: жануарларға қатысты жауапкершілікті қарау және бөлініп жатқан қаражаттың жұмсалуын қатаң қадағалау», — дейді Е. Жаңбыршин.

Қабылданғалы отырған құжатта президент айтқан осы мәселелердің барлығы толық қамтылған.

«Бізге өңірлерден «иттер адамдарға, әсіресе балаларға шауып жатыр» деген ақпараттар жиі түседі. Біздің басты мақсатымыз — қауіпсіздікті қамтамасыз ету.

Әзірленген заң жобасы осы мәселелердің барлығын толық қамтиды. Тек қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікті күшейту бөлімі негізгі заңға ілеспе заң ретінде емес, басқа заң аясында ұсынылып, Үкімет қорытындысына жіберілді.

Егер Үкімет оң қорытынды берсе, Президент айтқан жауапкершілікті қатаңдату нормалары іске асады. Мысалы, қазіргі заң бойынша жануарды адамдардың немесе балалардың көзінше азаптап өлтірсе, 2 жылға дейін жаза қарастырылған. Біз мұны 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе мүлкін тәркілеу ретінде қатаңдатуды ұсынып отырмыз. Бұл — өте үлкен жауапкершілік.

Яғни Президент көтерген мәселелердің көбі біз ұсынған заң жобасында ескерілген. Алайда зооқорғаушылардың кейбірі көп жағдайды бұрмалап, манипуляция жасап жүр. Меніңше, мұның астарында қаржы мәселесі жатыр. Олар демеушілерден де, бюджеттен де ақша жинайды, бірақ нақты нәтиже жоқ. Құқық қорғау органдарына кімнің қанша қаражат алғанын тексеру туралы хат жаздық. Мәселен, Астанада бір панажай 360–400 миллион теңге көлемінде қаражат алған. Бірақ иттер әлі де көшеде жүр. Қараша айында 60 миллион теңгеден астам ақша алып, желтоқсанда актілерді жауып тастаған. Осыншама қаржы бір айда қалай игерілді? Осындай сұрақтар өте көп», — дейді ол.

Қазіргі уақытта ең бастысы — қауіпсіздік. Яғни көшеде иесіз ит жүрмеуі керек, ал иесі де толық жауапты болуы тиіс.

«Егер ит біреудің мүлкіне немесе денсаулығына зиян келтірсе, иесі оны толық өтеуі керек. Бұл нормалардың бәрі заңда жазылған. Ал айыппұл мөлшерін көбейту сияқты мәселелер Әкімшілік және Қылмыстық кодекстер аясында бөлек қаралады. Оппоненттеріміз заңды толық оқымай, тек бір нормаға жабысып алған.

Эвтаназия мәселесіне келсек, ол қазіргі қолданыстағы заңда да бар. Бұл біз ойлап тапқан жаңалық емес, әлемдік тәжірибе. Франция, АҚШ-тың көптеген штаттары, Жапония, Оңтүстік Корея, Исландия, Норвегия, Финляндия секілді елдер осы әдісті қолданады», — деп атап өтті депутат.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button