Оқиға

Алматыда қызды шығарып салуға барған жасөспірімді өлтіріп кеткен

Баламды психолог мұғалімінің баласы өлтіріп отыр.

«Баламды қара жерге қансыратып тастап кетіп, қарап тұрды». Алматы облысы Алмалы ауылында 14 жастағы жасөспірімнің қолынан қаза тапқан Жангелді Мұраттың анасы осылай деп зар еңіреп, әділдік сұрап отыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv арнасы.

Қайғылы оқиға биыл 1қаңтарда болған. 17 жастағы Жангелді Мұрат таныс қызды үйіне шығарып салу үшін сыртқа шыққан. Алайда жолда оны бірнеше жігіт тоқтатып алып, сөйлеспек болыпты. Марқұмның туыстарының айтуынша, олар жасөспірімнің әлгі қызбен араласуына қарсылық танытқан. Кикілжің әп-сәтте ушығып, қазір күдікті деп танылып отырған 9-сынып оқушысы ағасын шақырған. Жағдай одан сайын күрделене түсіп, 2 жігіт төбелесе бастапты. Сол сәтте жасөспірімге пышақ сұғылып, ауыр жарақат алған. Қансырап жатқан жігітті әлгі күдіктінің анасы таксиге салып жіберген. Жақындарының айтуынша, марқұм ауруханаға жетпей, көлікте жан тәсілім етті.

«Өкпесінен, қолынан, иығынан пышақтап отыр. 9,5 жарым сантиметр пышақ кірген. Көкірегі қанап жатқанын көріп, жедел жәрдем шақырған, бірақ оны күтпей, көршісінің таксиімен ауруханаға апарып отыр. Анасы көріп тұрып, алғашқы көмекті көрсету керек қой. Жүргізуші  «аурухана жетпей балаңыз демалмай қалды» деп отыр», – деді марқұмның анасы Жанар Талқанбаева

.«Әже деп, бетімнен сүйіп, «I love you» деп жүретін. Қара бауырым қан болып баламды ақтық сапарға шығарып салдым.  Жүрегімнің қатты ауырды, баламды табытпен көремін деп ойлаған жоқпын. Адам өліп отыр. 9-сыныптағы психолог мұғалімінің баласы өлтіріп отыр. Жалғыз емес, ағалі-інілі бауырлар. Баламды қалай өлтіріп, тастап кеткенін білмеймін», – деді марқұмный апасы Тазагүл Редежепова.

Марқұмның артында қалған бауырлары бүгінде сол оқиғаға қатысы бар делінген оқушылармен бір мектепте білім алып жүр. Туыстарының айтуынша, олар психологиялық қысымды сезіне бастаған. Бұл да қара жамылған әулеттің жанына батып отыр. Ал мән-жайды анықтау үшін мектепке барғанымызда, мұғалімдер марқұм Жангелдіні еске алудан да тартынды. Жасөспірімнің өліміне байланысты ешқандай ішкі тексеріс жүргізілмеген, тіпті жиналыс та өтпегені белгілі болды. Қатысы бар делінген бала есепке де алынбаған көрінеді.

Жақындары «Жангелді Мұрат фельдшер мамандығында оқып жүрген, болашағынан зор үміт күттірген жігіт еді» дейді. Адам өміріне араша түсуді армандаған баланың өмірі қыршыннан қиылды. Туыстары бұл оқиғаны жай төбелес емес, топтық шабуыл деп есептейді. Олардың сөзінше, Жангелдіге кемінде 4 адам жабылған. Алайда, бүгінге дейін тек бір ғана күдікті қамауда екен. Қазір іс Қарасай аудандық сотында қаралып жатыр. Куәгерлерден жауап алынып, оқиғаның мән-жайы анықталуда. Ал қайғыдан қан жұтқан жанұя істі әділ қарап, қанды қылмысқа қатысы барлардың барлығының ауыр жаза арқалауын талап етеді.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button