Астанадағы қару-жарақ табылған пәтердің Назарбаев Университетіне тиесілі екені расталды
Бұған дейін Астанадағы Highvill кешенінде қару-жарақ арсеналы табылғаны туралы ақпарат тараған еді.
Астанадағы Highvill кешеніндегі қару-жарақ табылған пәтер Назарбаев Университетіне тиесілі деген ақпарат рас болып шықты. Мұны Nazarbayev University вице-президенті Гүлмира Қанай растады, деп хабарлайды tiek.kz.
«Иә, пәтерлер Назарбаев Университетіне тиесілі. Бірақ ол жерде тұрып жатқандар біздің қызметкерлер емес. Біздің кампусымызда тұратын профессорларымыздың 65 пайызы — шетелдік азаматтар. Бірақ аталмыш жағдайдың біздің профессорларға ешқандай қатысы жоқ, бұл жерде үшінші тараптар туралы сөз болып отыр. Қазіргі таңда Назарбаев Университетінің кейбір пәтерлерінде профессорлар тұрып жатқан жоқ, себебі оған қажеттілік туындамады. Сол себепті ол пәтерлер бізге қарасты еншілес ұйымдар арқылы жалға беріледі. Келісімшарт аясында аталған жекеменшік үйлерде үшінші тараптар тұрады. Бұл мәселелер солардың құзыретінде», — деп жауап берді ол Tiek.kz тілшісінің сұрағына.
Осы жағдайдан кейін университет ішінде тексеріс жүргіздіңіздер ме?
— Иә, университетте тексеріс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Келісімшарттардың қаншалықты заңды жасалғаны тексерілді. Барлығы заңды. Аталмыш пәтерлер қысқа уақытқа берілмейді. Тұрғындардың бүкіл құжаттары тексерілген және пәтерлер осы мемлекетте қызмет етуге толыққанды заңды құқығы бар адамдарға ғана берілетіні анықталды. Сол себепті ол жерде заң бұзушылық орын алған жоқ. Және қайталап айтамын: табылған дүние қару-жарақ емес, антиквариат, музей жәдігерінің бір бөлігі болып шықты.
— Олар қай елдің азаматтары?
— Әзірге мәлімет бойынша Ресей азаматтары болуы керек. Бірақ өзіңіз депутаттың жарияланымынан көргеніңіздей, журналистерге қосымша ақпараттар берілді, сол жерден толық танысуға болады.
Оқиғаға қатысты полиция да ресми түрде жауабын берді. Ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл жағдайға Назарбаев Университеті қызметкерлерінің ешбір қатысы жоқ. Сондай-ақ, табылған заттар қару-жарақ емес, антиквариат болып шықты. Оны өздеріңіз де жаңалықтардан оқып, танысып жатқан боларсыздар», — деп атап өтті Гүлмира Қанай.
Бұған дейін Астанадағы Highvill кешенінде қару-жарақ арсеналы табылғаны туралы ақпарат тараған еді. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Оның айтуынша, Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері арнайы операция жүргізіп, екі шетелдік азаматты қолға түсірген. Олардан түрлі атыс қарулары алынған. Сондай-ақ депутат қару табылған пәтердің де Назарбаев Университетінің балансында болғанын айтқан.



