Қоғам

Министрлік талапқа сай келмейтін 340 адамға «Болашақ» стипендиясын үлестірген

«Болашақ» бағдарламасына қатысты бұзушылықтар анықталды.  Нақты айтар болсақ, 340 үміткерге «Болашақ» стипендиясының талаптарына сай келмесе де грант берілген. Келген шығын көлемі —  7,7 миллиард теңге, деп хабарлайды tiek.kz.

Жоғары аудиторлық палатаның мәліметінше, бұл шешімдер 2022 мен 2024 жылдар аралығында қабылданған. Сонымен қатар 151 стипендия бекітілген лимиттен тыс тағайындалған.

Аудит барысында жасанды интеллект бағыты бойынша да сәйкессіздік анықталған:

«Жоспарланған 54 гранттың тек 5-уі ғана беріліп, қалған 49-ы басқа бағыттарға қайта бөлінген», — деп атап өтті Мәжілістегі үкімет сағатында Жоғары аудиторлық палатасының мүшесі Тілеген Каскин.

Сондай-ақ ол «Болашақ» стипендиясын ұтып алып, кейін оқудан шығып қалған студенттер туралы да айтты.

«2022–2024 жылдары шамамен 24 мың студент оқудан шыққан, олардың оқуына 19,6 млрд теңге жұмсалған. Соның ішінде 10 мың студент бойынша жүйеде пайдаланылған гранттар сомасы туралы мәлімет мүлдем жоқ», — деп мәлім етті ол.

Оның сөзінше, оқудан шығып қалған осы студенттер бойынша қаражатты қайтарудың толыққанды тетігі жоқ.

Ведомство мәліметінше, бағдарламада ірі тәуекелдер сақталып отыр және оны басқару процесінде жүйелі кемшіліктер бар.

«Болашақ» бағдарламасы шетелдік жоғары оқу орындарында кадр даярлау мақсатында мың тоғыз жүз тоқсан үшінші жылы құрылған.

 

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button