«Ақымақ», «мамбет», «ауылдан келгендер»: Желтоқсандықтарды қорлаған мұғалімнің үстінен іс қозғалды

Threads желісінде желтоқсан оқиғасына қатысқандарға және жалпы Қазақстанға қатысты өрескел қорлайтын сөздер жазған Виолетта Паршина есімді Алматы тұрғынының үстінен қылмыстық іс қозғалды.
Ол Желтоқсан туралы жарияланған жазбалардың астына «ақымақ», «мамбет», «ауылдан келгендер» деп пікір қалдырған.
Сонымен қатар бұл «ұстаз» депутат Жанбыршиннің жазбасының астына да оны қорлайтын сөздер жазған. Бұл жазбалар желіде тез тарап, қоғамда үлкен наразылық тудырған.
Бұған ыза болған қазақстандықтар жаппай мемлекеттік органдарға жүгініп, әйелдің сөздерін Қылмыстық кодекстің 174-бабы (ұлтаралық араздықты қоздыру) бойынша тексеруді талап етті.
Сонымен қатар, желі қолданушылары оның жұмыс істеген компаниясына да теріс пікірлер қалдыра бастады. Соның салдарынан ұйымның 2GIS-тегі рейтингі бір тәуліктің ішінде күрт төмендеп кеткен. Нәтижесінде әйел жұмыстан шығарылған.
Сондай-ақ, оның полиция бөліміне жеткізіліп, қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпарат тарады.
«Осы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Паршина полицияға жеткізілді. Қазір оның әрекеттері Қазақстанның қолданыстағы заңнамасына сәйкес заңды түрде бағаланып жатыр», – деп мәлімдеді ПД.



