Заң үстемдігі
Тренд

Павлодардағы сұмдық оқиға: 16 баланы азаптаған тәрбиешінің жазасы кейінге қалдырылды (ВИДЕО)

Ең сорақасы кейбір сәбилерді түскі ұйқы алдында көрпемен бетін тұмшалап, тұншықтырған.

Павлодар қаласында 16 сәбиді азаптаған балабақша тәрбиешісіне қатысты сот шешімі шықты. Сот шешімімен 32 жастағы тәрбиеші 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Алайда әйел қамауға алынған жоқ. Бұл шешімге сот залында 16 бүлдіршіннің құқығын қорғаған ата-ана мен қорғаушылары қарсылық білдіріп,  тәрбиешінің қатаң жазалануын талап етті, деп хабарлайды tiek.kz порталы Қазақстан ұлттық арнасының «Заң алдында» бағдарламасына сілтеме жасап.

Бейнежазба ашқан шындық

Оқиға 2025 жылдың маусым айында белгілі болды. Бұл оқиғаның беті балабақшадағы бейнебақылау камераларындағы жазбалардан кейін ашылған. Ата-аналар балаларының мінез-құлқы өзгеріп, балабақшаға барудан бас тартқан соң күдіктене бастаған. Камераларды тексеру барысында 32 жастағы тәрбиешінің балаларды жүйелі түрде ұрып-соққаны, дене жарақаттарын салғаны және психологиялық қысым көрсеткені анықталды.

Ата-аналарының айтуынша, тәрбиеші балаларды аяғынан тартып құлатып, бастарынан аяқ киіммен ұрып қинаған. Құлағынан сүйреп, бетінен ұрған сәттері де болған. Ең сорақасы кейбір сәбилерді түскі ұйқы алдында көрпемен бетін тұмшалап, тұншықтырған.

Зәбір көрген балалардың денсаулығы мен психикасына айтарлықтай зақым келген. Аналарының айтуынша, бүлдіршіндер түнде шошып оянады, айналасындағылардан қорқып, кез келген қозғалыстан бетін жабатын болған. Тіпті кейбір балалардың сөйлеу қабілеті тежеліп, тәбеті жоғалған.

Осыдан кейін ата-аналар іле-шала сотқа жүгінген. Сотта бейнекамерадағы жантүршігерлік жазбалар негізгі дәлел ретінде пайдаланылды.

Сот үкімі

Сотталушы өз кінәсін толық мойындағанымен, жауап беруден бас тартқан. Іс Павлодар облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына екі бап бойынша (кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу міндетін дұрыс орындамау және күш қолдану) қаралып, тәрбиешіге 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Сондай-ақ, үш жылға бала тәрбиелеу қызметімен айналысуға тыйым салынып, сотталушының кәмелетке толмаған үш баласы бары ескеріліп, жазаны өтеу мерзімі 5 жылға кейінге шегерілді.

Алайда бүлдіршіндердің ата-аналары жазаны кейінге қалдырмай, нақты бас бостандығынан айыруды талап етіп отыр. Айтуларынша, сотта көптеген маңызды детальдар назардан тыс қалған.  Сот барысында балабақшаның басқа қызметкерлерінің (көмекші тәрбиеші мен аула қызметкері) оқиғаны көре тұра тоқтатпағаны белгілі болады. Алайда бұл да назардан тыс қалып отыр. Осыған байланысты жәбірленушілер тарапы бұл қызметкерлерге қатысты жалған айғақ бергендері үшін жеке шешім шығаруды сұрап отыр.

Қазіргі уақытта сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button