Заң үстемдігі

Астанада медицина қызметкеріне қол жұмсаған жігіт бір жарым жылға сотталды

Астанада медицина қызметкеріне қол жұмсаған жігіт бір жарым жылға сотталды.

Іс Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қаралған.  Іс материалдарына сәйкес, сотталушы Қылмыстық кодексінің 380-3-бабының 3-бөлігі (Медицина қызметкеріне зорлық қолдану) бойынша кінәлі деп танылды.

Сот талқылауы кезінде сотталушы өз кінәсін толық мойындап, соттан өзін темір торға қамамауды өтінді. Алайда, жәбірленуші тарап (фельдшер) соттан айыптыға қатаң жаза тағайындауды сұраған. Прокурор болса, істің мән-жайын ескере отырып, сотталушыны 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Жаза кесу барысында сот бірнеше факторды ескерген. Сотталушының бұрын сотталмауы және ісіне өкінуі жеңілдететін жағдай ретінде қабылданса, қылмыстың алкогольдік масаң күйде жасалуы жауапкершілікті ауырлататын мән-жай ретінде танылды. Сондай-ақ, іс жеделдетілген тәртіпте қаралғандықтан, заң бойынша жаза мерзімі ең жоғары шектің жартысынан аспауы тиіс.

Нәтижесінде сот айыпталушыны 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарды. Сотталған азамат жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болады. Бұл шешімді қабылдау кезінде қылмыстың қоғамдық қауіптілігі мен жәбірленушінің пікірі басты назарға алынды.

Оқиға елордадағы сауда үйлерінің бірінің автотұрағында болған.

Сотта анықталғандай, мас күйде болған И. шақыртумен келген жедел жәрдем бригадасының жұмысына көңілі толмай, наразылық білдірген. Жанжал барысында ол фельдшерге күш қолданып, физикалық ауырсыну келтірген. Бұл әрекетімен ол медицина қызметкерінің қауіпсіз жұмыс істеуге заңмен кепілдік берілген құқығы мен жеке басына қол сұғылмаушылық қағидасын өрескел бұзды.

Айта кетейік, шыққан сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ. Тараптар белгіленген мерзімде сот шешіміне апелляциялық тәртіппен шағым түсіруге құқылы.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button