
Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий теңізінде әскери қаруды қолдануға тыйым салуға шақырды. Мемлекет басшысы бұл туралы RES 2026 экологиялық саммиті барысында мәлімдеді. Тоқаевтың пікірінше, өңірде әскери қаруды қолдануға жол берілмеуі тиіс. Себебі Каспий теңізі экологиялық қауіп-қатерге ұшырап отыр және оны қорғау биоалуантүрлілік пен өңірлік тұрақтылық үшін аса маңызды.
«Теңіз айдынын қорғау – аймақта экологиялық тепе-теңдік пен биоалуантүрлілікті сақтау, орнықты дамуды қамтамасыз ету тұрғысынан айрықша маңызды. Осы орайда Қазақстан Каспий теңізінің тартылуына жол бермеу үшін мемлекетаралық бағдарлама қабылдау жөнінде бастама көтерді, Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институтын құруға ұйытқы болды. Аталған мекеме өңірлік деңгейдегі ғылыми ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді», – деді Қасым-Жормарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы барша мүдделі халықаралық тараптарды табиғаттың осынау асыл қазынасын сақтау жолында күш-жігер біріктіруге шақырды.



