«Антикварлық» деп жауып қоя салу дұрыс емес»: Депутат Назарбаев Университетіне тиесілі пәтерден табылған қару туралы пікір білдірді
Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Назарбаев Университетіне тиесілі пәтерден қару-жарақ арсеналы табылды деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды tiek.kz.
Депутаттың айтуынша, бұл жерде ІІМ-нің түсініктемесі қисынсыз болып отыр.
«Ішкі істер министрлігі бұл жағдайды «антикварлық қару» деп растады. Бірақ біздің заңнамада «антикварлық қару» деген ұғым жоқ, кез келген қару түріне рұқсат берілмейді. Министрліктің бұл түсініктемесі қисынсыз. Егер бұл «антикварлық» деп расталса, онда халық қайтсін? Ескі мылтықтарды ұстай беруге болады ма? Біздің заңда бұған рұқсат жоқ. Олар қателікті мойындаудың орнына, қырағылық танытқан халыққа алғыс айтуы керек еді.
Түн ішінде біреудің пәтеріне жәшікпен қару әкелінгенін байқап қалғандарға рахмет айтудың орнына, «бұл антикварлық» деп жауып қоя салу дұрыс емес. Онда халыққа ашық айтыңдар: «антикварлық» деп ескі мылтықты көшеде ұстап жүре беріңдер немесе пәтерде сақтай беріңдер деңдер. Негізінде, кез келген қару коллекциялық болса да, оған рұқсат алу керек. Тіпті шетелден әкелінсе де, біздің полициядан рұқсат алып, тіркеу қажет. Түнде, адамдардың көзінше, бала-шағасы бар пәтерге қару тасуға болмайды — біздің заңда мұндай норма жоқ», — дейді депутат.
Сондай-ақ ол полицияның бұл оқиғаға қатысты ұстанымы ескі қаруларыңды ұстап жүре беріңдер дегенге келіп отырғанын айтады.
«Полициядан сұраңыздаршы, бізде заңда «антиквариат» деген ұғым бар ма? Онда полиция шығып, халыққа «ескі мылтық болса, ұстай беріңдер» деп жарияласын. Бірақ заң бойынша көшеде ұстап жүруге болмайды. Халықты алдаудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Бұл жерде Ішкі істер министрі мойындап, «дұрыс болды, халыққа рахмет, біз Қаңтар оқиғасынан кейін тығылған қаруларды тауып жатырмыз» деп алғыс айтуы тиіс еді.
Бұлардың өздерін ақтап алу үшін берген жауабы маған ұнаған жоқ. Оны «антиквариат» деп тексермей жібере салды. Мен тағы да айтамын: тексеріңдер, бізде заңда «антиквариат» деген жоқ. Егер ертең кез келген адам атасынан қалған мылтықты көшеге ұстап шықса, не болады? Кез келген қару атылады, ол адам өлтіру үшін жасалған. Егер солай болса, полиция «антикварлық қаруды ұстай беріңдер» деп ресми айтсын.
Ол «ескі пистолет, ескі мылтықтар» деп айтылды. Мен қазір жазбаша хат жібердім, тексеріңдер. Біздің заңда «антикварлық» деген жеңілдік жоқ. Егер полиция бұған көз жұмса, бұл — заңсыздық. Ол міндетті түрде ұсталуы керек. Егер ол Ресейден келген болса, онда қандай құжат болды? Ресейдің құжаты бізде жарамайды. Бізде қару ұстау үшін лицензия, үйде сейф және полицияның рұқсаты керек. Ал егер полиция «рұқсат керек емес, кез келген шетелдік қаруын ұстап жүре берсін» дейтін болса, ертең бізде терроризм болмай не болады?», — дейді депутат ашынып.
Бұған дейін Мұрат Әбенов Астанадағы Highvill кешенінде қару-жарақ арсеналы табылғаны туралы ақпарат таратқан еді. Оның айтуынша, Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері арнайы операция жүргізіп, екі шетелдік азаматты қолға түсірген. Олардан түрлі атыс қарулары алынған. Сондай-ақ депутат қару табылған пәтердің де Назарбаев Университетінің балансында болғанын айтқан.
Алайда, Астана қаласының полиция департаменті әлеуметтік желілерде тарап жатқан шетелдіктердің қару-жарақ арсеналымен ұсталғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын хабарлады. Полицияның мәліметінше, қару табылды деген ақпарат рас, бірақ ол антикварлық дүниелер.
Сол секілді Nazarbayev University әкімшілігі де таралған ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін ресми түрде мәлімдеді. Университет өкілдерінің айтуынша, бұл оқиға тұрғындардың бірінің қате түсінігінен туындаған. «Тұрғын үй кешенінің тұрғыны пәтердегі антикварлық бұйымды көріп, оны қателесіп жауынгерлік қару деп қабылдаған. Содан соң құқық қорғау органдарына хабарласқан. Бұл экспонаттар Қазақстанға әуе көлігі арқылы белгіленген тәртіппен жеткізілген. Растайтын құжаттары бар. Экспонаттар иелері де Назарбаев Университетінің оқытушылары немесе қызметкерлері емес» екенін қосымша хабарлаймыз», — делінген хабарламада.
Посмотреть эту публикацию в Instagram



