«Қырғыз халқының да рухани ұстазы еді»: Садыр Жапаров қазақ халқына көңіл айтты
Қырғыз халқы да өз рухының тірегінен айырылып, қабырғасы қайысып отыр», - делінген көңіл айту хатында.

Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров қазақтың біртуар ақыны, қоғам қайраткері Мұхтар Шахановтың өмірден өтуіне байланысты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа және барша Қазақстан халқына көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды tiek.kz.
«Қырғыз халқы да өз рухының тірегінен айырылып, қабырғасы қайысып отыр», — делінген көңіл айту хатында.
Садыр Жапаров өз жеделхатында Мұхтар Шахановтың қазасы тек қазақ елі үшін ғана емес, бүкіл түркі дүниесі, соның ішінде қырғыз халқы үшін де орны толмас ауыр қаза екенін атап өткен.
«Мұхтар аға бауырлас қазақ халқының арқасүйер азаматы ғана емес, сонымен бірге көпмиллионды қырғыз халқының да рухани ұстазы еді. Қырғыз жұртшылығы өзінің тағы бір биік шыңынан, тағы бір рухани тірегінен айырылып, бүгін жүрегінің бір бөлшегін жұлып алғандай ауыр қайғыны бастан кешіріп отыр.
Мұхтар аға кеңес заманында да, одан кейінгі жылдарда да шындықты ашық әрі тік айтудан қорықпай, өз Отанының тағдырын жанқиярлықпен қорғады. Қудалауға қарамастан, ол еш қаймықпай, «Желтоқсан» оқиғаларына қатысты өзінің принципті позициясын ерлікпен білдіре білді.
Оның қазақ пен қырғыз халқына бірдей жақын поэтикалық және азаматтық үні таулар мен даланың жаңғырығындай естілетін. Әсіресе, оның ұлы жазушы Шыңғыс Айтматовпен бауырластық қарым-қатынасы халықтарымыз арасындағы туыстық байланыстарды нығайтуда өшпес із қалдырғанын ерекше атап өткім келеді.
Қымбатты қазақ бауырлар!
Елінің осындай біртуар әрі адал перзентінен айырылып, қара жамылып отырған ауыр сәтте бауырлас қазақ халқына және ақынның жақындарына терең қайғырып көңіл айтамын», — делінген Мемлекет басшысының жеделхатында.
Садыр Жапаров қазақ халқына төзім мен қайрат тілеп, Мұхтар Шахановтың жарқын бейнесі мен артына қалдырған мол мұрасы бауырлас екі елдің жадында мәңгі сақталатынына сенім білдірді.



