Қоғам

«Назарбаев пен Колбин түтігіп кетті»: Журналист Шахановтың 1989 жылғы Кремль төріндегі ерлігі туралы айтты

Қазақ телевизиясының ардагері Қажы Қорғанов «Tiek» арнасына берген сұқбатында ұлы ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шахановтың 1989 жылы Кремль төріндегі ерлігі туралы айтқан еді.

Журналистің айтуынша, осы оқиғадан кейін телевизия мен радио басшылары Мұхтар ағамызды көрсе, айналып қашатын болған.

«1989 жылы Мәскеуде, Кремльдің съездер сарайында өткен КСРО Халық депутаттарының бірінші сессиясында бүкіл елді дүр сілкіндірген оқиға болды. Ол — депутат Мұхтар Шахановтың Желтоқсан мәселесін көтеруі еді. Мұхтардың өзі айтқандай, ол Михаил Горбачевті «Арал тағдыры, экология туралы сөйлеймін» деп сендіріп, мінберге шығуға рұқсат алады.

Алайда мінберге шыққан бетте Аралды қойып, Желтоқсан көтерілісінің шындығын жайып салғанда, залдағылардың есі шығып кетті. Мұрағаттағы бейнежазбалардан Қазақстаннан барған депутаттардың қалай абдырап қалғанын анық көруге болады.

Сөз сөйлеп болған соң, Колбин мен Назарбаевтың қатты түтігіп: «Бұған кім сөз берді? Кім шығарды?», — деп қатты ашуланды. Бірақ болар іс болып, айтылар сөз айтылып кеткен еді.

Мәскеуден кейін Мұхтар Алматыға оралды. Ел алдында, көгілдір экранда сөйлеуі керек. Бірақ ешкім жолатпайды. Телевизия мен радионың басшылары оны көрсе, теріс айналып қашатын жағдайға жетті», — деп еске алған еді.

19 сәуір күні Халық жазушысы Мұхтар Шаханов 84 жасына қараған шағында өмірден өтті.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button