2050 жылға дейін елде 4 атом электр станциясы салынады
Құжат мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бекітуімен қабылданған.

2050 жылға дейін елде 4 атом электр станциясын салу жоспарланып отыр.
Бұл туралы атом саласын дамыту стратегиясында көрсетілген. Құжатқа сәйкес, бірінші АЭС Алматы облысында салынып, оның қуаты 2400 мегаватт болады.
Екінші станция бірыңғай электр жүйесінің оңтүстік аймағында дәл осындай қуатпен бой көтермек. Сондай-ақ шағын модульдік реактор негізінде тағы бір станция салу және тағы бір АЭС-ті перспективалы аймақтардың біріне орналастыру жоспарланған.
Стратегияны мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бекіткен. Құжатта 2050 жылға қарай елде кемінде үш атом электр станциясы жұмыс істейтіні, ал электр энергиясына сұраныстың артуына байланысты төртінші станция салу қарастырылғаны айтылған.
Бұған дейін үш АЭС салу жоспарланған болатын. Ал алғашқы станцияны «Росатом» компаниясы салып, оны шамамен 2035-2036 жылдары іске қосу көзделіп отыр.
Құжатқа сәйкес, «Қазақстандық атом электр станциялары» базасында АЭС құрылысына жауапты орталық құрылмақ. Ол жобаларды басқару, бас мердігер тапсырыс беруші функциясын атқару және болашақ станциялардағы мемлекеттік акциялар пакетін иелену құқығына ие болады.
Сонымен қатар алдағы уақытта атом саласындағы барлық жобаларды біріктіру үшін арнайы атом-энергетикалық холдинг құрылады. Оның құрамына АЭС-ке қатысты жобалау және пайдалану ұйымдары кіреді.
Құжат мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бекітуімен қабылданған.



