Қоғам
Тренд

Мүфтият имамдарға тіл тигізгендерді сотқа беретін болды

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) әлеуметтік желілерде исламға, Құранға, Қағбаға, Мұхаммед пайғамбарға және имамдарға қатысты сын көбейгенін айтып,  мәлімдеме жасады.

Діни басқарманың айтуынша,  мұндай жазбалар өз кезегінде қоғам арасына бүлік салып, алауыздық тудырып отыр.

Сондай-ақ, ҚМДБ желіде имамдарға қарсы жиі айтылатын “заңсыз неке қияды” және “балаларды сабақ уақытында жинап, мешітке апарады” деген сынды негізсіз айыптаулар көбейгенін айтады.

“Кейбір азаматтар тарапынан: «заңсыз неке қиған имамдарды қылмыстық жауапкершілікке тартып, бас бостандығынан айыру керек. Балаларды сабақ уақытында жинап, мешітке апарып, шаралар өткізеді» деген мазмұнда орынсыз пікір айтылуда. Дәйексіз айтылған мұндай пікірлер еліміздегі мұсылман қауымының наразылығын оятып, ел арасында түсінбеушілік тудыруда”, – делінген хабарламада.

Басқарма мешіт қызметкерлері балаларды сабақ уақытында жинап, мешітке апарып, шаралар өткізбейтінін атап өтті. ҚМДБ мәліметінше, дін қызметкерлері балалардың толыққанды зайырлы білім алуын барынша насихаттап келеді.

“Діни басқарма жанынан ашылған «Дін мен дәстүр» бөлімі бірнеше жылдан бері жұмыс істейді. Сондай-ақ «Діни оңалту» бөлімі жат ағымдардың алдын алу және олардың жетегінде кеткен азаматтарды оңалтумен айналысып келеді”, – делінген хабарламада.

ҚМДБ елімізде осындай арандатушылық сипаттағы мәлімдемелер мен діни алауыздыққа әкелуі мүмкін ақпараттарды таратқандар үшін заң бойынша жауапкершілік қарастырылғанын, қажет болған жағдайда діни басқарма құзырлы органдарға шағым түсіретінін атап өткен.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button