Қоғам
Тренд

Ресей шетелдегі азаматтарын қорғау үшін әскер кіргізетін заң қабылдады

Ресейдің Мемлекеттік думасы халықаралық қатынастар мен қауіпсіздік мәселесінде үлкен пікірталас тудыруы мүмкін заң қабылдағалы жатыр, деп хабарлайды tiek.kz.

Жаңа құжат Ресей Федерациясына шетелде «қудаланған» немесе «қамауға алынған» өз азаматтарын қорғау үшін Қарулы күштерді қолдануға ресми түрде рұқсат бермек. Заң жобасын бірінші оқылымда мақұлданды.

Заң жобасы Ресейдің «Қауіпсіздік туралы» заңының 8-бабына өзгерістер енгізуді көздейді. Егер шетелдік мемлекеттер немесе халықаралық ұйымдар (мысалы, Гаага соты немесе Интерпол) Ресей азаматтарына қатысты қылмыстық іс қозғап, оларды тұтқындаса және Мәскеу бұл әрекетті «заңсыз» деп таныса, ел президентіне әскери күш қолдану құқығы беріледі.

Бұл норма тек физикалық қорғауды ғана емес, сонымен қатар Ресейдің «қоғамдық құқықтық тәртібі мен мүдделеріне» қайшы келетін кез келген халықаралық шешімдерге қарсы тұруды мақсат етеді.

Сарапшылардың назарын аударып отырған басты мәселе — заңда «заңсыз қудалау» ұғымының нақты критерийлерінің жоқтығы. Бұл нені білдіреді?

Мәскеу кез келген мемлекеттің заңды әрекетін өз мүддесіне қарай «заңсыз» деп бағалап, әскери интервенция жасауға құқықтық негіз дайындап алуы мүмкін.

Бұл заң іс жүзінде Ресейге басқа елдердің ішкі юрисдикциясына араласуға жол ашады.

Заң жобасы мемлекеттердің егемендігі мен халықаралық құқық қағидаларына қайшы келуі ықтимал деген қауіп бар.

Құжатты Мемлекеттік думаның 413 депутаты бірауыздан қолдаған. Бірде-бір депутаттың қарсы шықпауы бұл мәселенің Кремль үшін стратегиялық маңызы жоғары екенін көрсетеді. Бұл қадамды Батыс елдері мен халықаралық соттардың Ресей шенеуніктері мен азаматтарына қатысты қабылдаған санкциялары мен қамауға алу ордерлеріне қайтарылған «симметриялы жауап» ретінде де қарастыруға болады.

Бұл заң қабылданса, Ресейдің сыртқы саясатындағы «күш қолдану» доктринасы жаңа деңгейге шығып, халықаралық аренада үлкен дау тудыруы мүмкін.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button