Астанада өрттен қаза тапқан үш бала жер қойнына тапсырылды
Астанада «Көркем-3» тұрғын үй кешенінде болған өрттен 13, 8 және 2 жастағы үш бала көз жұмды.

Астанада өрт салдарынан қаза тапқан үш бала жер қойнына тапсырылды. Бұл туралы бапкер Берік Адам әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялады, деп хабарлайды tiek.kz.
Ол марқұмдардың бірі – Айзеренің өз тәрбиеленушісі болғанын айтып, отбасының қайғысына ортақтасты.
«Үш баланың үлкені – Айзеренің ЛФК жаттықтырушысы болдым. Отағасы Қабылқазы бауырымызға және барша жақындарына Алла сабырлық берсін. Жанаргүл ханымға Алла шипасын берсін. Біз үшін орны толмас ауыр қайғы. Балалардың топырақтары торқа болсын», – деп жазды ол.
Туыстарының айтуынша, үш баланың анасы – 39 жастағы Жанаргүл ғана аман қалған. Қазір ол ауыр жағдайда жатыр. Әлі есін жимаған, болған қайғылы жағдайдан да бейхабар.
«Дәрігерлер бар күшімізді саламыз деді. Әзірге нақты ештеңе айта алмай отыр. Денесінің 50 пайызы күйген. Біз тек Алладан үміт күтеміз», – дейді туыстары.


