«ЖСДП үмітті, «Ауыл» мен «Жасылдар» сенімді»: күздегі Құрылтайға қай партиялар өтеді?

Алда үлкен саяси науқан келе жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы тамыз айында Құрылтай сайлауы өтетінін атап өтті. Сондай-ақ Президент бұл сайлаудың еліміздің саяси өміріндегі маңызды кезең болатынын әрі Ұлттық құрылтай форматындағы жаңа парламенттің қоғамдық диалогты нығайтып, саяси реформаларды ілгерілетуді мақсат тұтып отырғанын баса айтты.
Президенттің бұл мәлімдемесі саяси науқанның ресми түрде старт алғанын білдіреді. Саясаттанушы, PhD Қазбек Майгелдиновтың пікірінше, бұл партиялар үшін жеткілікті мерзім, бірақ көпшілігі оны тиімді пайдалана алмауы мүмкін.

«2023 жылдың 19 наурызындағы мәжіліс сайлауынан кейін партиялар жұмысын тоқтатпауы тиіс еді. Керісінше, келесі саяси науқанға үздіксіз дайындық жүргізіп, өз электоратымен байланысын нығайтуы қажет болатын. Өкінішке қарай, партиялардың басым көпшілігі сайлау жақындағанда ғана «көктемгі бәйшешек» секілді ояна бастайды. Бұл – дұрыс стратегия емес. Қаңтар айынан бері төрт ай өтсе де, партиялардың белсенділігі әлі де жеткіліксіз. Конституциялық реформа бойынша құрылған жалпыұлттық коалицияға «Аманат», «Ақ жол», «Ауыл» партиялары кірді. Ал «Байтақ», Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы сияқты күштердің белсенділігі байқалмады», — дейді саясаттанушы.
Оның айтуынша, еліміздегі партиялардың қазіргі әлеуеті мынадай:
«Аманат» – дәстүрлі электораты бар, жастар қанатын дамытуда. Жуырда төраға Ерлан Қошанов кәсіпкерлер қанатын ашты. Партияны күшейту жұмыстары белсенді жүріп жатыр.
«Ауыл» – ауылдық аймақтардың нақты өкілі. Өңірлерге шығып, өз белсенділігін көрсетуде.
«Ақ жол» – әйелдер қанаты бар, бірақ жастар қанаты әлсіз. Бизнестің партиясына толық айнала алмады, шаршаңқы қалпын байқатады.
«Республика» – 2023 жылы құрылған жаңа партия. Үш жыл ішінде не істегені, уәделерін орындағаны туралы сайлаушылар сұрақ қояды. Партияда бірнеше ротация болды (Берденов, Шүкіржанова кетті). Кәсіпкерлер партиясы ретінде басталғандықтан, заң шығару тәжірибесі жеткілікті ме деген сұрақ бар.
«Байтақ» – экологиялық таза Қазақстан идеясын алғашқылардың бірі болып көтерді. Алайда ішкі араздық (Алматы мен Ақтөбе филиалдары арасындағы қарама-қайшылық) әлеуетін төмендетіп отыр. Қазір бір адамның – Азаматхан Әміртайдың партиясы ретінде қабылданады.
«Халық партиясы» (бұрынғы коммунистер) және ЖСДП – аутсайдерлер қатарында, әлеуеті әлсіз.
Яғни осындай белсенділі төмен партиялардың парламентке өту ықтималдығы өте аз. Заң бойынша бес жылдан бері қолданылмай келе жатқан «парламенттік оппозиция» институты бар. Алайда ешкім бұл платформаны толық пайдаланған жоқ.
Майгелдиновтың болжамы бойынша, алдағы құрылтайда «Аманат», «Ауыл» және «Республика» партиялары күшті позицияда болуы мүмкін. Аздаған дауыспен «Ақ жол» өтуі ықтимал.
Ал «Халық партиясы», ЖСДП және «Байтақ» партияларының шансы аз.
Қазбек Майгелдиновтың пікірінше, алда келе жатқан науқан – партиялардың нағыз әлеуетін, стратегиясын және халықпен байланысын көрсететін маңызды сынақ болмақ. Алайда жеңіске жету үшін партияларға үздіксіз жұмыс, нақты бағыт және ішкі бірлік қажет-ақ.
Алайда Майгелдинов «менсінбеген» партиялардың ойлары мүлдем басқа. Партиялар өз бағдарламаларын жаңартып, электоратпен байланысты күшейту жұмыстарына кірісіп кеткен.

Парламентте көпшілік орынға ие болуды қалаймыз
Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның (ЖСДП) төрағасы Асхат Рақымжанов бұл жолғы Құрылтайды биліктің халық алдындағы есептілігі мәселелерін билік деңгейінде көтеруге мүмкіндік беретін басты мінбер ретінде қарап отырғанын айтады.
Әрі Құрылтайдан жеткілікті деңгейде орын алатынына да сенімді.
«Біздің бұл сайлаудағы мақсатымыз – жай ғана қатысу үшін қатысу емес. Біз шешім қабылдау процесіне нақты ықпал ете алатын толыққанды саяси өкілдік қалыптастыруды көздейміз. Кез келген саяси ұйым секілді ЖСДП да Парламентте көпшілік орынға ие болуды қалайды. Өйткені сайлау – бұл халық сенімінің таразысы. Біздің нақты идеологиялық ұстанымымыз бен сайлаушылар қолдайтын түсінікті күн тәртібіміз бар.
Біз үшін Құрылтай – үлкен құрал. Ол – қоғамда жеткілікті деңгейде айтылмай жүрген әлеуметтік әділеттілік, адам құқығы және биліктің халық алдындағы есептілігі мәселелерін билік деңгейінде көтеруге мүмкіндік беретін басты мінбер болмақ», – дейді партия төрағасы.
Биылғы сайлау науқанының басты ерекшелігі – оның ашықтығында болып отыр.
«Партиялар Құрылтай (Мәжіліс) сайлауының мерзімі туралы алдын ала хабардар болды. Бұл норма Конституцияда бекітілген және Президент тарапынан да нақты айтылды. Бұл жағдай алдағы науқанды бұрынғы, яғни ақпараттық белгісіздік жағдайында өткен сайлаулардан ерекшелейді.
Дегенмен, науқанның мерзімі – бұл мәселенің бір жағы ғана. Көкейдегі басты сұрақ: сайлау процесіне қатысушылардың барлығына тең жағдай жасала ма? Біз үшін уақыттан бұрын, әділ бәсекелестік ортаның болуы маңызды. Ашығын айту керек, қазіргі саяси теңгерім жағдайында бірде-бір партия өз бағдарламасын 100 пайыз іске асыра алмайды. Бұл – біз мойындауымыз керек объективті шындық. Алайда, ЖСДП үшін басты жетістік – біз дәйекті түрде ілгерілетіп келе жатқан құндылықтардың мемлекеттік деңгейде көрініс табуы.Адам құқықтары мен бостандықтарын нығайту, өкілді демократияны дамыту және биліктің есептілігін арттыру сияқты біздің негізгі идеяларымыз бүгінде конституциялық реформалардың өзегіне айналды.
Осы шақырылымда ЖСДП Парламент мінберін сайлауалды бағдарламадағы басымдықтарды ілгерілету үшін тиімді пайдаланды. Әрине, бастамаларымыздың едәуір бөлігі әлі де күн тәртібінде тұр және олар үшін күрес жалғаса береді», – дейді ЖСДП төрағасы Асхат Рақымжанов.

100 пайыз дауыс алудан үміттіміз
Есесіне құрылғанына үш-төрт-ақ жыл болған Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясының қарқыны қатты. Саяси ұйым төрағасы Азаматхан Әміртайдың айтуынша, жүз пайыз дауыс алудан үмітті. Әрі саяси науқанға 150 мың мүше және 5 мың бастауыш ұйыммен қатыспақ. Ол үшін әзірден-ақ, тамыз айында өтетін Құрылтай сайлауына дайындықты бастап кеткен.Партия басшысының айтуынша, сайлауға дайындық алдыңғы науқан аяқтала салысымен басталған. Осы уақыт ішінде партияның ішкі құрылымы айтарлықтай нығайған:
- Партия мүшелерінің саны 150 мыңға жетті.
- Бастауыш партия ұйымдарының саны 5 мыңнан асты.
- Еліміздің барлық аудандарында бөлімшелер ашылып, 17 облыс пен республикалық маңызы бар 3 қалада филиалдар жұмыс істеуде.
- Медиалық құрылымдар мен орталық аппарат сайлау режиміне көшірілген.
«Жақында өткен Халықаралық экологиялық конгресс аясында партия белсенділері мен филиал басшылары бас қосып, алдағы науқанның басымдықтарын айқындады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлау мерзіміне қатысты мәлімдемесінен кейін партия ішінде кандидаттарды іріктеу үрдісі жеделдетілді. Біз филиал басшылары мен белсенділерге нақты кандидаттарды анықтау бойынша тапсырма бердік. Төрт ай уақыт барлық күшімізді салуға жеткілікті. Халық бізге сеніп отыр, сондықтан біз бар күшімізді салып, жүз пайыз жеңіп шығу үшін жұмыс істейміз. Бұл жолғы сайлау ашық әрі әділ өтетініне сенімдіміз», – дейді Азаматхан Әміртай.
Сондай-ақ, партия өз дауыстарын қорғау үшін бақылаушылар корпусын дайындауға ерекше көңіл бөлуде. «Сайлау науқанын ұйымдастыру — ауқымды әрі әмбебап жұмыс болғандықтан, «Байтақ» партиясы қазіргі уақытта барлық бағыттар бойынша қарқынды дайындық үстінде», – дейді төраға.

Сол секілді «Ауыл» партиясы да жеңістен үмітті.
Айтуларынша, партия қатары білікті кадрлармен толығып, айтарлықтай интеллектуалдық әлеуетке ие болған.
«Кез келген саяси партияның мақсаты – билік үшін күрес. Біз де осы күреске қатысатын боламыз.
Біздің партиямыздың мықты құрамы қалыптасқан, еліміздің барлық 20 өңірінде өкілдігіміз бар, сондай-ақ біз айтарлықтай интеллектуалдық әлеуетке иеміз. Бұған қоса, қатарымызда тәжірибелі әрі білікті басқарушылар жеткілікті.
Сондықтан, әрине, біз алдымызға ең жоғары әрі ауқымды мақсаттарды қоямыз. Біз бүгінгі таңда барлық саяси партиялар үшін тең жағдайлар мен тең мүмкіндіктер бар деп есептейміз, мәселе – сол мүмкіндіктерді қаншалықты тиімді пайдалана білуде.
Өз тарапымыздан біз қойылған мақсаттарға қол жеткізу және алдағы сайлауда барынша жоғары нәтижеге жету үшін барлық қажетті күш-жігерімізді саламыз», — дейді партия төрағасы Серік Егізбаев.
Ауылдықтардың айтуынша, партия өзінің халық алдындағы міндеттемелері мен сайлауалды уәделерінің көбін сәтті іске асырған.
«Біз сайлауалды бағдарламамыздың негізгі бөлігін заң жүзінде бекіттік. Мысал ретінде солардың кейбіреулеріне тоқталып кетейін.
Біз Су ресурстары министрлігінің құрылуына ұйытқы болдық, жайылым жерлерді жеке меншікке беруге заңмен тыйым салдық және фермерлер үшін ҚҚС жеңілдігін 80%-ға дейін арттырдық. Сондай-ақ, 2 000-нан астам әйелге рақымшылық жасау туралы заңға бастамашы болдық.
Ал не кедергі болуда? Екі ірі жобамыз – Агробанкті құру және «Азық-түлік қауіпсіздігі туралы» дербес заң қабылдау – Үкімет тарапынан қолдау таппай отыр. Бұған Мәжілістегі фракциямыздың санының аздығы (8 депутат) және Үкіметтің қазіргі қаржы институттарын жеткілікті деп санауы себеп болды.
Біз бос уәде бергеніміз жоқ – БІЗ жауапкершілікті өз мойнымызға алып, нақты шешімдерге қол жеткіздік. Заңдар, түзетулер және принципті ұстанымымыз арқылы біз бағдарламаны ауыл үшін, аграршылар мен елдің барлық азаматтары үшін нақты өзгерістерге айналдыра алдық деп айта аламыз.
Дегенмен, біздің белсенділігіміздің арқасында Үкімет ауыл шаруашылығын қолдауды 5 есеге, яғни 1 трлн теңгеге дейін арттыруға мәжбүр болды. Біз бұл стратегиялық мақсаттардан бас тартпаймыз, жұмысты жалғастыра береміз», — дейді партия төрағасы.



