Қоғам
Тренд

Қытай туын өртеген белсенділер бес жылға сотталды

Құқық қорғаушылар "Атажұрт" белсенділерінің қудалануының артында Қытай тұруы ықтимал деп болжайды.

Қытай туы мен Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің портретін өртеп, наразылық акциясын өткізген «Атажұрт» белсенділеріне және олардың жақтастарына үкім оқыды. Сот «Ұлтаралық араздықты қоздыру» бабымен айыпталған 19 адамның бәрін кінәлі деп тапты, деп хабарлады Азаттық радиосы.

13 сәуірде Талдықорғанда шыққан үкімге сай, айыпталушылардың біразына бес жылға түрме жазасы, кейбіріне бас бостандығын шектеу жазасы берілді. Барлығына үш жылға қоғамдық-саяси жұмыстармен айналысуға тыйым салынды.

Сот үкімімен айыпталушыларға мынандай жаза тағайындалды:

Бекзат Мақсұтхан, «Атажұрт» ұйымының жетекшісі – 5 жыл түрме жазасы.

Нәзигүл Мақсұтхан, Бекзат Мақсұтханның қарындасы әрі «Атажұрт» қозғалысының заңгері – 4 жыл 8 ай бас бостандығын шектеу.

Гүлдария Шеризат, «Атажұрт» белсендісі – 5 жыл түрме жазасы. Кәмелет жасына толмаған баласы болғандықтан жазасы кейінге шегерілді.

Гүлнәр Шаймұрат, «Атажұрт» белсендісі – 5 жыл түрме жазасы. Кәмелет жасына толмаған баласы болғандықтан жазасы кейінге шегерілді.

Тұрсынбек Қаби, «Атажұрт» белсендісі – 5 жыл түрме жазасы.

Еркінбек Нұрақын, «Атажұрт» белсендісі – 5 жыл түрме жазасы.

Ербол Нұрлыбаев, «Атажұрт» белсендісі – 5 жыл түрме жазасы.

Марғұлан Нұрданғазы, «Атажұрттың» жақтасы – 5 жыл түрме жазасы.

Қуандық Қосжанов, «Атажұрттың» жақтасы – 5 жыл түрме жазасы.

Бақытжан Шұғыл, «Атажұрттың» жақтасы – 5 жыл түрме жазасы.

Батылбек Байқазы – 5 жыл түрме жазасы.

Ерғали Нұрлыбаев, «Атажұрттың» жақтасы – 5 жыл түрме жазасы.

Қанат Тұрдыбай, «Атажұрттың» жақтасы – 5 жылға бас бостандығын шектелді.

Асылхан Қолхаев, «Атажұрттың» жақтасы – 5 жылға бас бостандығын шектелді.

Аян Қалымбек, «Атажұрттың» жақтасы – 5 жыл бас бостандығын шектеу.

Бақытнұр Нұрмұқан — 5 жыл бас бостандығын шектеу (қамаудан босатылады).

Беделхан Қабыләшім – 4 жыл 8 ай бас бостандығын шектеу.

Нұркелді Нұрсапа, «Атажұрттың» жақтасы – 4 жыл 8 ай бас бостандығын шектеу.

Ақжігіт Бейсенәлі – 4 жыл 8 ай бас бостандығын шектеу (қамаудан босатылады).

Қамауда отырған айыпталушыларды сот залына әкелмеді. Тек үйқамақта отырғандар үкімді тыңдауға келді.

Айыпталушылар мен олардың туысқандары үкіммен келіспей, сот ғимаратының сыртында үкімге қарсылық білдірді.

ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСКЕ СЕБЕП БОЛҒАН ОҚИҒА

2025 жылы қарашада Алматы облысы Ұйғыр ауданы Қалжат ауылы маңында «Атажұрт» белсенділері мен олардың жақтастары Қытайға қарсы наразылық акциясына шығады.

Наразылар Қытай туы мен Қытай коммунистік партиясының төрағасы Си Цзиньпиннің суретін өртеп, Шыңжаңда «түзету лагеріне» қамалған қазақтарды босатуды, Қытаймен визасыз режимді жоюды талап еткен еді.

Акция барысында олар Қытайға жұмыс істеуге кетіп, кейін сол жақта ұсталған Қазақстан азаматы Әлімнұр Тұрғанбайды елге қайтаруды Пекиннен талап қылған. Қазақстан сыртқы істер министрлігі Қытай берген ақпаратқа сүйеніп берген жауабында, 48 жастағы Әлімнұр Тұрғанбай Қытай азаматтығынан шықпағаны, ал қос азаматтық екі елде де «заңсыз» екені айтылған.

Оқиғадан кейін полиция «Атажұрттың» 20-ға жуық белсендісін ұстап, әуелі әкімшілік жауапқа тартып, кейін «Ұлт аралық араздықты қоздыру» бабы (174-бап) бойынша қылмыстық іс қозғаған.

Айыптау актісінде белсенділер «масс-медианы пайдалана отырып, ұлттық алауыздықты қоздыру, сонымен бірге Қытай ұлтының өкілдеріне қатысты ұлттық ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлау мақсатында ұйымдасқан түрде жиналған» деп жазылған.

Құқық қорғаушылар «Атажұрт» белсенділерінің қудалануының артында Қытай тұруы ықтимал деп болжайды.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button