Оқиға
Тренд

«Үш сәбидің өмірін жалмаған өрт»: құтқарушылар жолды бөгеген көлік кесірінен жете алмаған

Астанадағы үш баланың өмірін жалмаған өртке қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды tiek.kz.

«Оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу-жедел іс-шаралар кешені жүргізіліп жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша тиісті құқықтық баға беріледі, – деп хабарлады полиция.

Оқиға орнына бірден өрт сөндірушілер мен полиция қызметкерлері аумақты қоршауға алып, арнайы техниканың кедергісіз өтуі үшін тұрғын үй кешенінің ауласын тұрақта тұрған көліктерден тазартқан.

Дегенмен кейбір БАҚ құралдары құтқарушылар ауладағы көліктердің кесірінен 15 минуттай алтын уақытын жоғалтқанын жазып жатыр. Нақты айтар болсақ, өрт сөндірушілер жолды жауып тұрған Hyundai маркалы көліктің кесірінен кірі берісте тұрып қалған. Көлік иесін табуға шамамен 20 минут уақыт кеткен.

Көлік тура қақпа алдына қойылған, соның кесірінен арнайы техника үйге дер кезінде жақындай алмаған. Өрт сөндірушілер жолды тазартып, пәтердің есігін бұзып кіргенде, бәрі кеш болған. 13, 5 және 2 жастағы үш сәби тірідей жанып кеткен.

Астана тұрғындары сол түні немқұрайлылық танытып, автокөлікті рұқсат етілмеген жерге қалдырғандардың барлығын жазалауды талап етуде. Өрттен балалардың анасы ғана аман қалды, ол қазір үшінші дәрежелі күйікпен ауруханада жатыр.

«Алған жарақаттарына, күйіктің деңгейі мен тереңдігіне, сондай-ақ травматикалық шокқа байланысты науқастың жағдайы ауыр», – деді көпсалалы қалалық аурухананың травматолог-дәрігері Марат Сабиров.

12 сәуірге қараған түні Астанадағы Түркістан көшесінде орналасқан «Көркем-3» тұрғын үй кешенінде өрт шыққан. Пәтер ішінен үш баланың денесі табылды. Өрт сөндірушілер бір әйелді құтқарып, күйік жарақатымен ауруханаға жеткізді. Жоғарғы қабаттардан 20 адам эвакуацияланып, тағы 40-қа жуық тұрғын ғимараттан өз бетімен шыққан.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button