Атырауда ірі қара арасында жұқпалы ауру тарады
Алайда әкімдік мамандары жаппай қырылып жатқанын жоққа шығарды.

Атырау облысында індет тарап, ірі қара қырылып жатыр.
КТК телеарнасының хабарлауынша, ірі-қара өлімі өткен жылы қарашада басталған. Исатай, Қызылқоға аудандарында жылқы, сиыр ауырып, біраз шаруа шығынға батқан. Ал қазір жағдай Құрманғазы ауданында күрделене түскен. Мұнда індет ушығып, мал өлімі жиілеген. Малы қырылып жатқан аудан тұрғындары да індеттің барын білсе де, ашып айтуға қорқып отырғанын айтады. Себебі: ауру малды тәркілеуі мүмкін. Өз бетінше ем-дом жасап, өлгенін өртеп жатыр екен. Ветеринар мамандар іріқараға аса қауіпті індеттерге қатысты вакцина салуды бастап, 80 пайызынан астамы егілген.
Алайда әкімдік мамандары жаппай қырылып жатқанын жоққа шығарды. Айтуларынша, алты айдан бері тек алты бас өлген. Мал арасындағы кесел де аса қауіпті де емес екенін айтады. Мал иесінің салғырттығынан қырылып жатыр. Ал тұрғындар басқаша айтады. Бір ауданның өзінде 6 мың бас қырылған.
Өңірде қазіргі таңда Атырау облысынан өзге өңірлерге мал шығару және кіргізуге шектеу қойылған.
«Ринотрахеит ауруы деп, Ұлттық ғылыми орталықтан шығарып берген диогназы бар. Сол бойынша қазір емделіп жатыр. Исатай, Құрманғазы аудандарында күні бүгін малдың 80 пайызы жазылып, 500-дей басына емдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы бізде облыс ішінде мал тасымалдауға рұқсат бар да, басқа көрші облыстардан әзірге кіріп-шығып жатқан жоқ», – деп хабарлады Атырау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Амангелді Саламат.



