«Пәкістан премьер-министрі өтініш жасады»: Трамп Иранды жер бетінен жоқ қылу туралы ойынан айнып қалды

Кеше ғана Иранға жойқын соққы жасап, жер бетінен жоқ қылам деп мәлімдеме жасаған Трамп тағы да сөзінен айнып қалды. АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға соққы жасауды екі аптаға тоқтатуға шешім қабылдағанын хабарлады, деп хабарлайды tiek.kz.
Оның мұндай қадамға баруына Пәкістан премьер-министрі Шехбаз Шариф түрткі болған. Оның сөзінше, Пәкістан премьер-министрі Шехбаз Шариф және фельдмаршал Асим Мунир Трампты осы түнде Иранға қарсы бағытталған жойқын күш қолданудан бас тарту туралы өтініш жасаған.
Осының негізінде келіссөздер жүргізілген.
«Егер Иран Ислам Республикасы Ормуз бұғазын толық, жедел әрі қауіпсіз түрде ашуға келіссе, мен Иранға қарсы бомбалау мен шабуылдарды екі апта мерзіміне тоқтатуға келісемін. Мұндай шешімге келуімнің себебі – біз барлық әскери мақсаттарға қол жеткізіп қана қоймай, оларды артығымен орындадық, сондай-ақ Иранмен ұзақ мерзімді бейбіт келісім жасау және Таяу Шығыста бейбітшілік орнату бағытында айтарлықтай ілгеріледік», — деп жазды ол.
АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен екі апталық атысты тоқтату туралы мәлімдеме жасағаннан кейін мұнай бағасы күрт төмендеді.
Сауда деректеріне сәйкес, WTI crude oil қазірдің өзінде 18,8% төмендеп, баррелі 91,30 долларға жетті. Brent crude oil да 18% төмендеп, 90,06 долларға жетті.



