Дағыстандағы алапат су тасқыны: Жағдай бақылаудан шығып барады (ВИДЕО)
Ел билігі жоғары деңгейдегі төтенше жағдай жариялады.

Ресейдің Дағыстан Республикасында соңғы жүз жылда болмаған жойқын су тасқыны болып жатыр.
Аномальды жауын-шашын салдарынан аймақтың астанасы Махачкала мен Дербент ауданында төтенше жағдай жарияланды, деп хабарлайды tiek.kz.
Махачкалада бірнеше күн бойы толассыз жауған жаңбырдың мөлшері ғасырлық рекордтан асып түсті.
Тілсіз жаудың салдарынан 4 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілді. Мыңдаған баспана су астында қалды. Дербент ауданының өзінде 800-ге жуық үй зақымданған.
Махачкала мен басқа да қалаларда су деңгейі 1,5 метрге дейін көтеріліп, топырақтың шайылып кетуі салдарынан ескі салынған үйлер мен жеке сектордағы құрылыстар шыдас бермей, опырылып жатыр.
Кейбір аудандарда электр жарығы мен ауыз су беру тоқтатылды.
Соңғы мәліметтер бойынша, тасқын салдарынан 2 адам қаза тапты.
Қазіргі жағдай
Аймақта жоғары дайындық режимі енгізіліп, құтқару жұмыстары жалғасуда.
Мамандардың айтуынша, қаланың дренаждық (нөсер кәрізі) жүйесі мұндай үлкен көлемдегі суды қабылдауға дайын болмай шыққан.
Үйлері құлаған немесе апаттық жағдайдағы адамдар уақытша орналастыру пункттеріне жеткізілді. Оларға арнайы психологиялық және медициналық көмек көрсетілуде.



