Иран қарулы күштері жоғары дайындық режиміне көшті. Иранның бас қолбасшысы Абдолрахим Хатемидің айтуынша, мұндай шешім АҚШ-тың аймаққа қосымша десанттық күштер жіберуі мүмкін деген ақпараттан кейін қабылданып отыр, деп хабарлайды tiek.kz.
Иран тарапы бұл қадамды соғыс өртінің одан әрі тұтануына әкелетін қауіпті бастама ретінде бағалап, кез келген агрессияға қатаң жауап берілетінін мәлімдеді.
«Егер жау жерүсті операциясын бастайтын болса, олардың ешқайсысы тірі қалмауы тиіс», — деп атап өткен.
Иранның бас қолбасшысы Абдолрахим Хатеми командирлер құрамына Құрама Штаттардың әрбір әрекетін жіті қадағалауды тапсырды.
Ал Ақүйдегі ахуал одан да күрделі. Кейбір батыс БАҚ құралдары Трамптың айналасында дүрбелең басталғанын жазуда. Яғни АҚШ-тың Иранға қарсы операциясының нәтижелі аяқталатынына күдік көбейген.
АҚШ Ираннан жеңіліп жатыр
АҚШ сенаторы Крис Мерфи Иранға қарсы әскери науқанның сәтсіз жүріп жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, АҚШ бұл қақтығыста жеңіліп жатыр. Сенатордың пікірінше, АҚШ Иранның барлық зымырандары мен дрондарын жоя алмайды, сондай-ақ оның ядролық бағдарламасын толық тоқтату мүмкін емес. Керісінше, Иран аймақтағы ықпалын күшейтіп отыр, әсіресе Ормуз бұғазын бақылау арқылы. Мерфидің айтуынша, бұл соғыс АҚШ-қа миллиардтаған шығын әкеліп, әлемдегі тұрақсыздықты арттырып отыр. Сонымен қатар ол мұндай әрекеттер елдің халықаралық беделіне кері әсер ететінін атап өтті.



