Заң үстемдігі
Тренд
«Әл-Фараби бойындағы түнгі жарыстарға Алматы Полиция Департаментінің басшысы рұқсат берген» — журналист
Алматы Полиция Департаментінің басшысы Ұзабаев мемлекеттік нөмірсіз журуге рұқсат берген адам.

Ұзабаевқа да кезек келген екен!
“Жүйелі қарғыс жүйесін табады”-деген сөз бар қазақта.
Осы сөздің тұп-тура екеніне “Қаңтар көтерілісінен” бері сан мәрте көзім жетті.
Алматыдағы атышулы жол-апатының орын алуына Алматы Полиция Департаментінің басшылығының қатысы болғандығын бәріміз естідік, бірақ ешқайсымыз таңқалған жоқпыз, өйткені бұл қалыпты жағдай болып кеткен.
Менің бүгінгі айтпағым — Ержан Ұзабаев туралы болмақ, бұл адам Әл-Фараби бойындағы түнгі жарыстарға мүмкіндік берген, мемлекеттік нөмірсіз журуге рұқсат берген адам.
Мен Ержан Ұзабаевты жақсы танимын, жиі кездестік, қайда және қалай дейсіз бе?
Митингтерде және митингтен соң қамалған кездерде.
Ұзабаев ұзақ жыл Алматы қалалық жергілікті полиция қызметін басқарды, бұл дегеніңіз-қаладағы барлық учаскелік полицейлердің бастығы деген сөз.
Қаладағы митингтерде белсенділерді, азаматтарды ұстауға қатысатын көк көйлекті полицейлерге осы Ұзабаев бұйрық беріп жүретін, және қай аудандағы полиция басқармасына апарып қамау керектігін де осы Ұзабаев шешетін.
Ұзабаев менімен дұрыс сөйлесетін, дөрекілікке бармайтын, бірақ қоластындағы қызметкерлерді жіберіп сот кезінде баянат оқытып, мені кінәлі етіп шығаратын.
“Достияров Абзал Омарұлы, пәлен күні, түген сағатта алаңда тұрып дауыс зорайтқышпен(рупор) сөз сөйледі, қолына плакат ұстады, ұрандатып топ бастап жүрді, осылайша қоғам тыныштығын бұзды”-деп 9 рет осы Ұзабаев жіберген полицейлер баянат оқыған.
Осылайша жалғанды жалпағынан басып жүрген Ұзабаев өткен аптада үш адамның өмірін қиған жол апатына мүмкіндік бергені үшін басы дауға қалды, енді қоғам болып оның жазадан құтылып кетпеуін қадағалауымыз керек!
Неге мен сөзімнің басын Ұзабаевқа да кезек келіпті деп бастадым?
Өйткені Ұзабаевтың екі әріптесі, яғни департамент бастығының тағы екі орынбасары бұған дейін абыройсыз болған еді.
Олар Әбілбеков пен Алмасбеков.
Нұрлан Алмасбеков орынбасар ретінде арнайы жасақты(СОБР) басқарып митингке шыққандарға күш қолданды, кетлингте ұстап, автозакқа тиеп, басқармаға жеткізумен айналысты,өзімді солай алаңнан талай күшпен әкетті.
Берік Әбілбеков орынбасар ретінде жедел уәкілдерді(Опер),азаматтық киіммен жүретін қызметкерлерді басқарып, митинге қатысқан белсенділерді аңдып,ұстап, қамаумен айналысты, өзімді де бірнеше рет солай көшеден ұрып-соғып алып кетті.
Ал мына Ұзабаев орынбасар ретінде көк көйлек киген полицейлерді басқарып, митингке шыққандарды алаңда ұстауға, ұсталмағандарын кейін үйінен шақырып, сотта баянат оқытып, кінә тағумен айналысты.
Қазір Әбілбеков түрмеде, бар шенінен, марапаттарынан айрылды.
Қазір Алмасбеков жұмыссыз, Шымкенттегі Нұрайдың өлімінен кейін қызметтен босатылды.
Міне Ұзабаевта қызметтен шеттетілді, енді оның жауапқа тартылғанын да көрерміз.
Ал осы үшеуіне бастық болған генерал Қанат Таймерденов 2024-ші жылдың жазынан бері жұмыссыз, зейнетке шықты ма, қызметтен қуылды ма,ол жағы белгісіз.
Осы адамдардың басындағы жағдай қазір қызметте жүргендерге сабақ болуы тиіс!
Тапсырма орындап жүрмін ғой деп әпербақандықпен айналысып жауапсыз кетемін деп ойламаулары қажет!
Президенттен талай марапат алған, кеудесін темір-терсекке толтырған Ұзабаевтың да дәурені бітті!
Журналист әрі қоғам белсендісі Абзал Достиярдың facebook парақшасынан



