«Шенеуніктер мен бай-бағландардың балаларын қорғаштайды»: Депутат Базарбек Ішкі істер саласын толық тазалауды талап етті

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында болған қайғылы жол апатына байланысты ішкі істер органдарын толық тазалауға шақырды7
Депутаттың айтуынша, мұндай жағдайлардың алдын алудың жалғыз жолы елдегі барлық құқық қорғау органдарына жаппай тазалау жүргізу. «Өзім Әл-Фарабидің бойында тұрамын, күн сайын көз алдымда элиталық көліктер мен спорткарлар жарысады.
Бірақ солардың біреуінің айыппұл төлегенін, жұмыстан қуылғанын немесе жазаланғанын көрген емеспіз. Өйткені оларды жоғары лауазымды шенеуніктер мен бай-бағландардың «балалары» ретінде полиция қызметкерлері қорғаштап отыр. Алматыда ғана емес, мұндай жағдай бүкіл Қазақстан бойынша бар.
Сондықтан ішкі істер органдарына кешенді тазалау қажет. Бұл тек Алматыға қатысты емес, барлық өңірлерге ортақ мәселе», – деді Бақытжан Базарбек үкімет дәлізінде.
Сондай-ақ ол депутаттар атынан президентке үндеу жолдап, жол қозғалысы саласында тәртіп орнатуды талап ететінін атап өтті.



