Мәдениет
Тренд

«Біз неге бақытсыз ұлтпыз?»: ақын Танакөз тағы да даулы жазба жариялады

Өкінішке қарай, бізде сатылмайтын адам жоқ. Бәрінің мойнында бағасы жазылған бирка тұр.

Біз неге бақытсыз ұлтпыз?

Біздің елде соңынан мүлтіксіз еретін, ар-ұяты кіршіксіз, абсолютті лидер, Отаны үшін өзі тұрмақ отбасын құрбандыққа шала алатын тұлға жоқ па?

Әлде сондай тұлға бар бола тұра, артынан еретін халқы жоқ па?

Өкінішке қарай, бізде сатылмайтын адам жоқ. Бәрінің мойнында бағасы жазылған бирка тұр.

Біреуінің құны — алып жүрген жалақысы, біреуінің құны — бес күндік креслосы, біреуінің құны — кәсібі, біреуінің құны кредитке алған пәтері, біреуінің құны — тендер, ал енді біреуінікі — алдында айдаған бес ешкісі. Солай кете береді.

Өзгеріс қашан болады?

Өзгеріс сен өлуге дайын болғанда келеді. Бірақ ешкім өлгісі келмейді. Яғни өзгеріс ешқашан келмейді деген сөз.

Осы езгідегі күнімізді қанағат қылып, басымызды дәретхана қылып ары қарай өмір сүре береміз.

Басыңды дәретхана қылмау үшін адамға не керек? Өзіне-өзі деген құрмет пен ар-ұят керек. Яғни бізде ол да жоқ деген сөз.

Әлихан Бөкейхан да, Ахмет Байтұрсынұлы да, Міржақып Дулатұлы да енді қайтып тумайды.

Неге екенін айтайын.

Ахмет Байтұрсынұлының 12 жасар ұлын екі аяғын, екі қолын 4 атқа байлап, төрт жаққа тірідей тартып өлтірген.

Сонда да Ахмет қазақ халқының тәуелсіздігі үшін күресуін тоқтаптпайды. Ал Бәдриса апамыз мына сұмдық жауыздықтан жынданып кеткен.

Бұл бізге ұлы күрес жолында осындай мыңдаған қасіреттер арқылы келген тәуелсіздік еді.

Сен сол тәуелсіздікті сақтау жолында не істедің? Ештеңе де істеген жоқсың.

Сен өз балаңды ең болмаса қазақ мектебіне берген жоқсың. Онымен қазақ тілінде сөйлесу жауапкершілігін де мойныңа алмадың.

Мен өзім қатарлас талай екі жүзді ақынның балаларын қазақ мектебіне бергенімен, үй ішінде олармен орысша сөйлесетініне куә болдым.

Қашпаған сиырдың уызына дәмеленген бейбақтай мен де кейде қазақ халқына бір Махатма Ганди бұйырса ғой деп қиялдаймын.

Ол зұлымдықты махаббатпен жеңген ұлт лидері. Бірақ адамзат тұла бойы кемеңгерлік пен зорлығы жоқ махаббаттан ғана тұратын Махатманы да атып өлтірді.

Өмірде бір жолы болмайтын, бақытсыз адамдар болады ғой. Махатма Ганди сондай адам болған.

Ол Англияда заңгер мамандығын алып, елінде жұмыс болмаған соң Африкаға кетеді. Африкада саудегер үнділердің құқығын қорғап адвокат ретінде қызмет істейді.

Бірде Африкадағы ақ нәсілді сот оған сот залына басындағы ұлттық киім «тюрбанды» шешіп кіруін талап етеді. Ол бас тартады. Сот егер ол тюрбанын шешпесе, сот процесі басталмайтынын айтады.

Сол кезде Махатма тюрбанын шешпей, сот залынан шығып кетуді таңдайды. Бұл жолы болмайтын үнді жігітінің ақ нәсілділерге көрсеткен алғашқы табанды қарсылығы еді.

Бұл әрекеттер оның «сатьяграха» (ақиқат күші) философиясының бастамасы болды.

Ол өзінің ұлттық болмысын, ар-ұжданын, адами қадыр-қасиетін бөтен елде, Африкада жүріп қорғады.

Ал біз ше? Қазақ тілінің мәселесіне келгенде осындай табандылық таныта алдық па?

Қайдағы Африка? Қазақстанда? Өз отанымызда? Менің құлағым қырық сылтауды естуден қотыр болған. Сондықтан оны тыңдағым келмейді.

Екінші ең ұлы қарсылық «Тұз жорығы» деп аталады.

Британ билігі үнділерге тұз өндіруге тыйым салғанда, Ганди мыңдаған адаммен бірге 390 км жаяу жүріп, теңізден тұз алды. Бұл қарапайым әрекет бүкіл елді көтерді.

Үндістан – табиғи ресурстарға бай ел, соның ішінде тұз да жеткілікті еді.

Яғни, үнділер тұзды өз жерінде өндіре алатын. Бірақ британ билігі тұз монополиясын құрды.

Тұзды тек үкімет қана өндіре алады. Қарапайым адамдарға тұз жасауға тыйым салынды. Барлық тұзға салық салынды. Соның салдарынан халық өз тұзын жасай алмады. Міндетті түрде салық қосылған қымбат тұзды сатып алуға мәжбүр болды.

Бұл неге әділетсіз болды?

Тұз – ең қарапайым, күнделікті қажет нәрсе. Кедей адамдарға бұл ауыр соққы болды. Өз жеріндегі байлықты пайдалана алмау – отарлық қысымның асқынған түрі еді. Сондықтан Махатма Ганди «Бұл заң әділетсіз» деп, «Тұз жорығын» бастады.

Ол теңізге барып, өз қолымен тұз алу арқылы Британ билігіне зорлықсыз қарсы тұрудың жойқын күшін көрсетті.

Ұлы күрескерлердің бәріне тән қасиет — олар түрмеден қорықпайды.

Ганди өмірінде бірнеше рет түрмеге қамалды. Бірақ ол ешқашан өз принципінен бас тартпады. Түрмені ол қысым емес, күрестің бір бөлігі деп қабылдады.

Оның батылдығы – еркіндік үшін жеке басын құрбан етуге дайын болуында.

Бір кезде Үндістан ішінде үнділер мен мұсылмандар арасында қақтығыстар күшейіп кетті. Қан төгіліп, адамдар бір-бірін жау көре бастады.

Сонда Ганди бұл қантөгісті тоқтату үшін, өзі тамақ жеуден толықтай бас тартты.

«Егер менің халқым бірін-бірі өлтірсе, онда менің өмірімнің мәні жоқ»-деп мәлімдеді. Ол әлсіреп өлуге тақағанда, халық қантөгісті тоқтатты.

Бұл рух күшімен оята алудың озық үлгісі еді. Ол әлемді күшпен емес, ар-ождан арқылы жеңді.

Енді осы бір жерде қазақтардың қолынан келмейтін Махатма Гандидің тағы бір ең басты және ең ұлы қасиеті жайлы айтқым келеді.

Оны ештеңемен сатып алу мүмкін емес. Байлықпен де, атақпен де, тақпен де сұлу қыздармен де, нәпсі жолдан тайдыратын кез-келген сыйқырлы апиынмен де.

Ол лашықта өмір сүрді. Оның үстіндегі киімі — бір жарым метр ақ мата ғана. Ол — өзін жеңген адам.

Ол халықпен бірге қарапайым һәм тең дәрежеде тіршілік құрды. Ол сөзбен емес, өмірімен үлгі көрсетті.

Гандидің негізгі философиясы – «Сатьяграха».

Сатьяграха дегеніміз – ақиқатқа берік болу және әділет үшін бейбіт күресу. Зорлыққа зорлықпен емес, шындық пен төзім арқылы жауап беру. Яғни, қарсыласты жеңу емес, оны ақиқатқа жеткізу маңызды.

Осы философия негізінде «Ахимса» жолын таңдады. «Ахимса» — ешкімге зиян келтірмеу – оймен де, сөзбен де, іспен де дегенді білдіреді.

Тіпті жауды да жек көріп күреспеу. Оларды махаббатпен жеңу жолы. Бұл – жол әлсіздік емес, керісінше өте үлкен ішкі күштің көрінісі.

Ол: «Әлемді өзгерткің келсе, алдымен өзіңді өзгерт» деген идеяны ұстанды. Оның ең атақты сөзі – «Сен әлемде көргің келетін өзгерістің өзі бол!»

Махатма Гандиден «Егер идеяларыңнан бас тартсаң, біз сені түрмеден босатамыз!»-дейді.

Сонда Ганди: «Мен тәнімді қамаған физикалық түрмеден қорықпаймын. Мен әділетсіздікке үнсіз қалатын, үнсіз көнетін руханият түрмесінен қорқамын. Сондықтан мені түрмеден шығарудан бас тартамын!»-деп жауап берген.

Британ үкіметі үнділерге тұз салығын салғанда, олар «Тұз жорығына» шықты.

Ал сенің ұлы жорығың – қазақ тілінде сөйлеу.

Махаббатпен сөйлеу. Табанды түрде сөйлеу. Принципті түрде сөйлеу. Сол тілде сөйлеуге құл сияқты намыстанбай, именбей сөйлеу. Мейіріммен сөйлеу. Агрессиясыз сөйлеу. Ақсүйектерше сөйлеу. Жеңілмей сөйлеу. Екінші сортты сезінбей сөйлеу.

Жердің егесі сияқты сөйлеу. Хан сияқты сөйлеу. Бар сияқты сөйлеу. Басыңды имей сөйлеу. Адамдық қалпыңды сақтап сөйлеу. Бар болғаны осы. Осыны істей аласың ба?

Танакөз Толқынқызының facebook парақшасынан.

 

 

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button