Қоғам
Тренд

Жол торыған ажал: елімізде күніне орта есеппен 6-7 адам жол апатынан көз жұмады

Еліміздегі жол апаттарына қатысты статистика өте қорқынышты. Өткен жылы еліміз бойынша, 15 мыңнан аса жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 1600 адам ажал құшқан. Ал жарақат алғандардың саны 35 мыңнан асады, деп хабарлады tiek.kz.

Қазақстан жол апатынан қаза тапқандар саны бойынша әлемде алғашқы үштікте тұр. Ресей мен АҚШ көш бастап тұр. Үшінші орында біздің ел. Бұл статистиканы негізге алсақ, елімізде күніне орташа есеппен 6-7 адамның өмірін жалмайтын апат тіркеледі деген сөз.

БҰҰ-на қарасты Еуропалық экономикалық комиссияның мәліметінше, елімізде жылына жол апаттары орта есеппен 2 000-нан 2 500-ге дейін адамның өмірін жалмайды екен. Яғни жеке ел болып Тәуелсіздік алғалы бері кемі 60 мыңға жуық адамнан айырылдық деген сөз.

Бұл өз кезегінде Талғар, Балхаш, Қаскелең секілді қалалардың халқына тең көрсеткіш. Яғни 30 жылда бір қаланың халқына тең адамнан ауру-сырқаусыз, соғыссыз-ақ айырылып отырмыз деген сөз. Ал жарақат алғандардың саны миллионнан асып жығылады.

Статистикалық есептерге сенсек, жол апаттарының 90 пайызға жуығына жүргізушілердің қателігі себеп болады екен. Әсіресе жылдамдықты шамадан тыс асыру талай жанның өліміне әкеліп отыр. Қалған 10 пайызы жаяу жүргіншілердің жол ережесін сақтамауынан.

Биылғы жылдың статистикасы да жаға ұстатарлық!

Тек осы жылдың қаңтар айының өзінде ғана 129 адам ажал құшып, 2 863 адам түрлі деңгейде жарақат алған. Бұл – жыл басынан бергі небәрі бір айдың ішінде күніне орта есеппен 4 адамның жол үстінде қаза тауып отырғанын білдіреді.

Қай өңірлерде өлім көп?

qamqor.gov.kz порталынан алынған деректерге сенсек, қаңтар айындағы адам өлімі бойынша ең ауыр жағдай:

Алматы облысы – 20 адам

Түркістан облысы – 20 адам

Одан кейінгі орында:

Атырау – 9

Жамбыл – 8

Қарағанды – 8

Маңғыстау – 8

Ақтөбе – 7

Жетісу – 6

Қызылорда – 6

Ең төмен көрсеткіш:

Ұлытау облысы – 2

Шығыс Қазақстан облысы – 3

Алматы қаласы – 1

Бұл жерде айта кететін жағдай — бұл сандар нақты бір аймақтағы ереже сақталмайтынын көрсетпейді. Әр облыстағы адам санына шаққандағы көрсеткішін есептесе, мүлдем басқа статистика шығады.

Жалпы биылғы қаңтарда бас-аяғы 19 951 жол көлік оқиғасы тіркелген. 10 мың адамға шаққандағы пайыздық үлесін алсақ, бұл жерде 312 пайыз көрсеткішімен Астана жағымсыз рейтингті бастап тұр.

Одан кейін 217 пайызбен Алматы қаласы болса, 142 пайыздық көрсеткішпен антирейтинг үштігін Ақтөбе облысы қорытындылап тұр. Ал керісінше жағымды көрсеткіш — Түркістан облысына тиесілі (31,4).

Балалар арасындағы шығын

Бір айда: 10 бала қаза тапты, 583 кәмелетке толмаған бала жарақат алды. Бұл жаяу жүргіншілер инфрақұрылымы мен мектеп маңындағы қауіпсіздік мәселесі әлі де өткір екенін көрсетеді.

Қандай көліктер ең қауіпті?

2025 жылғы толық жылдық деректер (көлік түрлері бойынша қаза тапқандар):

Жеңіл көлік жүргізушілері кінәсінен – 1 886 адам

Жүк көлігі – 180 адам

Автобус – 52 адам

Мопед – 64 адам

Шағын электр көлік құралдары (оның ішінде самокат та бар) – 12 адам

Велосипед – 4 адам Такси – 84 адам Жаяу жүргіншілер – 69 адам

 

Инфографика Tiek.kz

Яғни өлімнің 80 пайыздан астамы жеңіл автокөліктердің қатысуымен болған. Бірақ шағын электр көліктерінің үлесі жыл сайын өсіп келеді: тек мопед пен самокатқа қатысты апаттарда 76 адам қаза тапқан.

Қандай апат кезінде кісі өлімі көп болады?

Ең қауіпті сценарийлер:

Бетпе-бет соқтығысу – 814 адам қаза тапты

Төңкерілу – 542 адам

Жаяу жүргіншіні қағып кету – 548 адам

Кедергіге соғу – 125 адам

Бағысттас көліктердің соқтығысуы – 87 адам

Бұл статистика трассалардағы қарсы жолаққа шығу мен жылдамдықтың негізгі қауіп екенін дәлелдейді. Мас күйіндегі апаттар 2025 жылы адам зардап шеккен 679 жол апаты мас күйінде көлік жүргізгендердің кесірінен болған.

Ал Қылмыстық кодекстің 345-1-бабы бойынша:

250 қылмыстық іс тіркелген 246 адам сотталған

1 жүргізуші – 5–8 жыл арылғындағы мерзімге бас бостандығынан айрылған

78 адамға айыппұл (жалпы айыппұл сомасы — 12 886 865 теңге)

115 адам қоғамдық жұмысқа тартылған

39 адам рақымшылықпен босатылған

12 адам сот үкімі негізінде жауапкершіліктен босатылған

Демек, әрбір отызыншы ауыр апаттың артында ішімдік тұрған. 2025 жылы: 2 330 адам қаза тапты 34 365 адам жараланды Жол статистикасы – тек сан емес.

Әр цифрдың артында адамның өмірі тұр.

 

 

 

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button