Әкім емес, Бас атқарушы директор басқарады: Алатау қаласына қатысты заң жобасы талқыланып жатыр
Экономика көлемі 50 миллиард долларға жетпек.

Бүгін Парламент Палаталарының бірлескен отырысында «Алатау қаласының мәртебесі» туралы Конституциялық заң жобасы бірінші оқылымда таныстырған вице-премьер Қанат Бозымбаев қаланы кім басқаратын түсіндірді, деп хабарлады tiek.kz.
Оның айтуынша, Алатау қаласында тек салықтық жеңілдіктер ғана емес, сонымен бірге бизнесті реттеу, инвесторларды тарту және инвестициялық дауларды шешу жүйесін қамтитын толық экожүйе қалыптастыру жоспарланып отыр. Осы экожүйені толықтай әкім емес, Бас атқарушы директор басқарады. Яғни, қала тұтастай бір жаңа мемлекеттік орган ретінде құрылады.
«Алатауды басқару жүйесі. Alatau City Authority стратегиялық дамуға негізделген жаңа мемлекеттік орган ретінде құрылады. Оның негізгі бағытын Премьер‑Министр басқаратын Кеңес айқындайды.
Ал әкімшілік жұмысты Бас атқарушы директор жүзеге асырады», — деп хабарлады Бозымбаев.
Вице-премьердің айтуынша, қаланың өңірлік жалпы өнімі 50 миллиард долларға дейін жетуі мүмкін.
“Халықаралық сарапшылардың болжамынша, 2050 жылға қарай Алатау қаласының өңірлік жалпы өнімі 50 миллиард долларға дейін жетуі мүмкін. Ұсынылып отырған заң жобасы Алатауды халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті қалаға айналдыруға, экономикалық өсімді жеделдетуге және жаңа инвестициялар тартуға бағытталған”, – деді Бозымбаев.
Яғни Алатау қаласы дербес құқықтық режиммен дамиды. Бұл қала жеке қаржылық модельге, арнайы басқару жүйесіне және жаңа институционалдық негізге сүйенеді.



