«0,3 промилле»: елімізде ұрттап алып көлік жүргізуге рұқсат берілуі мүмкін

Қазақстанда медициналық қорытындылардың дәлдігін арттыру мақсатында адамдардың мас күйін тексеру тәртібін жаңарту жоспарланып отыр. Тиісті бұйрық жобасын Денсаулық сақтау министрлігі қоғамның ашық талқысына салды, деп хабарлайды tiek.kz.
Құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланды.
Ұсынылып отырған өзгерістерге сәйкес, әрбір жағдай бойынша медициналық куәландыру бір рет әрі кешенді түрде өтеді: дәрігерлер адамды медициналық тексеруден өткізіп, зертханалық зерттеулер және биологиялық материалды да алуы керек.
Кәмелетке толмағандарды тексеру кезінде рәсімге олардың заңды өкілдері қатысады.
«0,3 промилле көрсеткіші ағзаның физиологиялық ерекшеліктерін, медициналық куәландыру жүргізілетін құралдардың техникалық сипаттамаларын және алкотестердің ықтимал қателіктерін ескере отырып белгіленген. Бұл жалған оң қорытындыларды болдырмауы тиіс», — деп түсіндірді Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Әсел Қыдырәлиева.
Оның айтуынша, мас болу дәрежесі бұрынғыдай тек кешенді тексеру және дәрігердің қорытындысымен анықталады. Алкотестер көрсеткіштері тек құралдардың бірі болып қала береді.
Спикердің айтуынша, іс жүзінде қазірдің өзінде дәрігерлер алкотестер 0,3 промилледен аз көрсетсе, адам сау деген қорытынды береді, бірақ енді бұл норманы ресми түрде бұйрықта бекіту ұсынылып отыр.
Құжатта жазылғандай, мас күйі туралы түпкілікті қорытындыны дәрігерлер клиникалық белгілерді – психикалық, мінез-құлықтық, вегетативтік және соматоневрологиялық көрсеткіштерді, сондай-ақ қажет болған жағдайда зертханалық зерттеулер нәтижелерін кешенді бағалау негізінде шығарады.
Құжаттың жобасы 27 наурызға дейін талқыланады.
2020 жылдың қарашасынан бастап қазіргі уақытқа дейін қолданылып келе жатқан бұйрықта мұндай кесте және сәйкесінше «рұқсат етілген промилле» деген норма болған жоқ.
Енді құжатқа психоактивті заттарды қолдану дерегі тіркелетін көрсеткішті қайта енгізу ұсынылып отыр. Ол 0,3 промиллені құрап отыр.



