Саясат
Тренд

Халық Конституциясы: Тоқаев жаңадан қабылданған Ата Заңды таныстырды (ВИДЕО)

Халық Конституциясы 1 шілдеден бастап ресми түрде өз күшіне енеді. Конституция күнін мемлекеттік мереке ретінде ұлттық деңгейде жыл сайын 15 наурызда атап өтетін болдық.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияны қабылдауға арналған салтанатты жиынға қатысты, деп хабарлайды tiek.kz.

Ақордада өткен іс-шараға Премьер-министр Олжас Бектенов, Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев, Парламент Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай, Үкімет мүшелері, орталық мемлекеттік органдардың жетекшілері, облыс, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдері, сондай-ақ Конституциялық комиссия мен Жалпыұлттық коалиция мүшелері қатысты.

Құрмет қарауылы Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын салтанатты түрде ортаға алып шыққан. Кейін Ақордада еліміздің Әнұраны шырқалған.

Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров жаңа Конституция жобасы бойынша республикалық референдумның қорытындысын жариялаған соң, президент Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Конституциясына және «2026 жылғы 15 наурызда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясын іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды.

Салтанатты рәсімнен кейін Президент сөз сөйледі. Өз сөзінде президент Енді Халық Конституциясы 1 шілдеден бастап ресми түрде өз күшіне енетінін атап өтті.

«Ал Конституция күнін мемлекеттік мереке ретінде ұлттық деңгейде жыл сайын 15 наурызда атап өтетін болдық. Еліміздің барша халқына Ата заңымыз құтты болсын дегім келеді.

«Конституция – мемлекетіміздің ұзақмерзімді мақсат-мұратын айқындайтын, ұлтымыздың келешек тағдырына тікелей әсер ететін тарихи құжат. Бұл – шын мәнінде Халық Конституциясы. Оның жобасы шамамен екі жыл бұрын пысықтала бастады. Кейін мұқият талқыланып, зерделеніп жазылды. Конституциямыз – табанды ұжымдық еңбектің нәтижесі. Біз бүгін бір ел болып ұлт жылнамасының жаңа межесіне өттік, түбегейлі өзгерістердің сапасы және мазмұны ерекше бірегей кезеңіне аяқ бастық. Кеше ғана елімізде жалпыхалықтық референдум ойдағыдай өтті. Оған жұртшылық жаппай белсене қатысты. Азаматтарымыз өз таңдауын жасады, халқымыз бір кісідей жаңару мен жаңғыру жолын жақтап дауыс берді. Халқымыз Отанымыздың болашағы үшін өте жауапты сәтте жұмыла еңбек етті, ортақ іске орасан зор үлес қосты. Ұлы Абайдың «Бірлік – ақылға бірлік» деген өсиет сөзі осындай кезде айтылған болса керек», — деп атап өтті Президент.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

Басқа жаңалықтар

Back to top button