Әлем

«Келесі нысанамыз сендер болуларың мүмкін!»: Иран билігі Түркіменстанға ескерту жасады

Иран билігі Түркіменстанға «әскери сипаттағы» қатаң ескерту жасады, деп хабарлайды tiek.kz.

Себебі, Иран билігін сынайтын Iran International телеарнасы хабар тарататын спутниктің Түркіменстанның ұлттық ғарыш агенттігіне тиесілі екені анықталған.

Iran International — Ұлыбританияда (Лондон) орналасқан, парсы тілінде хабар тарататын тәуелсіз арна. Ол өз сигналын TürkmenÄlem 52°E / MonacoSAT спутнигі арқылы жеткізеді. Бұл спутник Түркіменстанның ұлттық ғарыш агенттігіне тиесілі, бірақ оның кейбір транспондерлерін Монаконың MonacoSAT компаниясы коммерциялық мақсатта пайдаланады.

Иранның ескертуі

Иран Қарулы күштерінің «Хатам әл-Анбия» орталық штабының өкілі Iran International арнасын «психологиялық соғыс жүргізіп отыр» деп айыптап, оның жұмысына көмектесетін кез келген инфрақұрылым (соның ішінде спутниктер) заңды әскери нысана ретінде қарастырылуы мүмкін екенін мәлімдеді. GB News және Zamin.uz басылымдарының хабарлауынша, Түркіменстан мен Монако билігіне тиісті «нақты ескертулер» жіберілген.

TürkmenÄlem 52°E спутнигі арқылы Iran International-дан бөлек ондаған басқа да парсы, түрікмен және халықаралық теле-радиоканалдар хабар таратады. Иран тарапы бұған дейін де осы спутниктің сигналын тұншықтыруға тырысқан, бұл басқа арналардың да жұмысына кедергі келтірген.

Бұл жағдай Ирандағы ішкі саяси шиеленіс пен аймақтық қақтығыстар аясында орын алып отыр. Иран билігі аталған телеарнаны «террористік ұйым» деп таныған.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

Басқа жаңалықтар

Back to top button