Қоғам

Атыраудағы трагедияның құпиясын ашқан хакер қамауға алынды

Ол Атырау облысында жоғалып кеткен бір отбасының ісі бойынша «жеке зерттеу жүргізіп жатырмын» деп, түрлі видеолар жариялаған. 

Атырау облысында өткен жылы жоғалып кеткен отбасы туралы әлеуметтік желі арқылы тың деректер таратқан хакер Түркияда ұсталды, деп хабарлайды tiek.kz.

Прокуратура мәліметінше, полиция департаменті Тергеу басқармасының өндірісінде Қылмыстық кодекстің 190-бабы (алаяқтық) бойынша бірнеше қылмыстық іс тергеліп жатыр. Тергеу дерегіне сәйкес, күдікті Ж.Н. түрлі сылтауларды алға тартып, азаматтардың ақшасын иемденген.

Ол өзін инвестиция салуға мүмкіндік барын айтып, IT саласында оқыту, бұғатталған аккаунттарды ашып беру, қаражатты шығарып алуға көмектесу және техника сату сияқты қызметтерді ұсынып, жәбірленушілердің сеніміне кірген. Осылайша, бірнеше эпизод бойынша келтірілген жалпы шығын көлемі 13,7 млн теңгеден асқан, — деп мәлімдеді облыс прокуратурасының баспасөз қызметі.

Мәліметке сәйкес, Интерпол қызметкерлері күдіктіні Түркияның Самсун қаласында қолға түсірген. Қазіргі уақытта оны Қазақстанға экстрадициялау мәселесі қарастырылып жатыр.

Ол Атырау облысында жоғалып кеткен бір отбасының ісі бойынша «жеке зерттеу жүргізіп жатырмын» деп, түрлі видеолар жариялаған. Бейнежазбаларда ол болжамды геолокациялар, телефон байланыстары және басқа да «деректерді» көрсеткен.

Айта кетейік, бұған дейін Атыраулық хакердің Ыстамбұлда ұсталғаны туралы қауесет тараған болатын.

 

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

Басқа жаңалықтар

Back to top button