Референдум
Тренд

Референдум басталды: ел халқы өз таңдауын жасайды

Қазақстанда жаңа Ата Заңның жобасы бойынша жалпыұлттық референдум басталды.

Республикалық референдумда берілген бюллетеньде «Жобасы бұқаралық ақпарат құралдарында 2026 жылғы 12 ақпанда жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сауал қойылады.

Дауыс беруші жауаптың екі нұсқасының бірін таңдайды:

— «Иә, қабылдаймын» немесе «Жоқ, қабылдамаймын».

Бюллетеньдер екі тілде – қазақ және орыс тілдерінде басылады.

Елде референдум күні 10,4 мың учаске жұмыс істейді

Дауыс беру учаскелері сағат 7:00-ден 20:00-ге дейін ашық болады. Қазақстандықтар 10 402 учаскеде дауыс бере алады, сондай-ақ референдум күні 54 елдегі Қазақстан Республикасының шетелдердегі өкілдіктері жанынан 71 учаске жұмыс істейді.

Комиссия мәліметінше, елімізде 12 461 796 дауыс беруші тіркелген. Заң бойынша, осы саннан 1% артық бюллетень әзірленеді. Демек, 12 586 414 бюллетень болмақ. Алайда жыртып не бүлдіріп алса, азаматтарға жаңа бюллетень берілмейді.

Егер азамат ешқайда тіркелмеген болса, мұның да шешімі қарастырылған. Ел бойынша 220 учаскеге 1 тәулікке тіркелуге болады. Мұндай жағдайда азамат тізімге енгізіліп, дауыс беру үшін оған бюллетень ұсынылады.

Референдумға қатысушыларға кеңес беру үшін Call-орталықтар жұмыс істейді. Call-орталықтар туралы ақпараттар әкімдіктердің ресми интернет-ресурстарында жарияланған.

Дауыс беру күні өзінің тіркелген жерінен тыс жерге баратын болса, 2026 жылғы 14 наурызда сағат 18:00-ге дейін есептен шығару куәлігін алу арқылы дауыс беруге құқылы.

 

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button