Новороссийск маңында Қазақстан мұнайын тиеуге келген танкерге соққы жасалды

Қазақстан мұнайын тиеуге келген Грекия туын ілген Maran Homer танкеріне Новороссийск маңындағы Каспий құбыр желісі консорциумының (КҚК) терминалы жанында соққы тиді. Бұл жөнінде CNN Greece хабарлады.
Әзірге толық емес ақпаратқа қарағанда, кемеге қатты зақым келмеген – оң жақ бөлігі бүлінген. Кемеде 24 адам болған. Ешкім зардап шекпеген. Қоршаған ортаға ешқандай зиян келмегені де хабарланды.
Ақпаратқа қарағанда, оқиға 14 наурызда жергілікті уақыт бойынша сағат 4 шамасында – кеме КҚК терминалына кіруге рұқсат сұрап тұрған кезде болған. Танкер Ресейдің территориялық суынан тыс аумақта болған. Оқиғадан кейін кеме Новороссийск аумағынан шығып кеткен.
Ресейлік РБК сайтының жазуынша, Новороссийскіде түнде дрон шабуылы жөнінде ескерту дабылы болған. Қала мэрі Андрей Кравченко дрон шабуылына тойтарыс берілгенін хабарлаған.
Азаттық радиосы



