Саясат
Тренд

«Ұлт мүддесіне шекеден қарау»: Тоқаев жаңа Конституцияны сынап «саяси буллингпен» айналысып жүргендерге ренішін білдірді

Астанадағы барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында президент Қасым-Жомарт Тоқаев кейбір азаматтардың Конституциядағы ұсынылған нормаларды себепсіз сынға алып жатқанына реніш білдірді. Президент олардың бұл қылығын «саяси буллингке» теңеді.

Оның сөзінше, Конституцияға енгізілетін өзгерістер инвесторларға қолайлы жағдай жасап, азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған.

Оның сөзінше, арнаулы құқықтық режим енгізу Қазақстанға инвестиция тарту және елдің тұрақты, ашық мемлекет екенін көрсету үшін қажет.

«Саяси буллингпен» шетелдік азаматтардың айналысатыны өз алдына. Бірақ осы қитұрқы әрекетке өз азаматтарымыздың баруын, оның үстіне себепсіз соқтығуын түсіну өте қиын. Кейбіреулер өз бағасын асырып, жұрт алдындағы беделін көтеру үшін ұлт мүддесіне шекеден қарап, шектен шығады. Тым болмаса жаңа Конституцияның идеологиялық және саяси мәніне, ұсынылған нормалардың қандай рөл атқаратынына бір сәт үңіліп көрген жөн», – дейді мемлекет басшысы.

Тоқаев арнаулы режимді тек қаражат, яғни капитал тарту үшін енгізіп отырғанын атап өтті.

«Мұндай артықшылық қаржылық басқару, салық жеңілдіктері және сот рәсімдеріне қажетті жұмыстарды қамтамасыз ету үшін беріледі. Мәселен, осындай режим Алатау қаласына қатысты қолданылмақ. Конституцияда арнаулы құқық режимін бекіту арқылы біз инвесторларға қолайлы жағдай жасаймыз. Жер жүзіне Қазақстанды тұрақты, ашық, кедергісіз және ішкі нарықтағы ахуалы айқын ел ретінде көрсетеміз. Мұндай аумақтар Қазақстанның біртұтас конституциялық, құқықтық кеңістігінің ажырамас бөлігі саналады және солай болып қала береді.

Жаңа Конституцияның мазмұны шын мәнінде халықтық сипатқа ие. Бұл маңызды құжат жұртымызға, әсіресе, өскелең ұрпақ пен жастардың игілігіне қызмет етеді.

Жаңа Конституция — жастарға өмірде бағыт-бағдар сілтейтін темірқазық іспеттес. Өйткені өзгерістерге толы жаңа дәуірде елдің де, жердің иесі, қорғаны — жастар. Сондықтан бұл құжатты Қазақстанның алдағы онжылдықтардағы орнықты дамуына негіз қалайтын саяси тұғыры десек, қателеспейміз, — деді Президент.

Басқа жаңалықтар

Back to top button