Дәрет сындырғыш қытай оқиғасы: Зайытов самарқау, СІМ өкілдері мүлдем хабарсыз
Қызық болғанда Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров бұл жайттан хабарсыз болып шықты.

Министрліктер үйінің маңайын әжетхана қылып алған қытай азаматтары туралы жаңалықтан Сыртқы істер министрлігі хабарсыз болып шықты, деп хабарлайды tiek.kz.
Мәжілістің жалпы отырысынан кейін тілшіміз Сыртқы істер министрлігінің өкілдерінің пікірін білмек болған еді.
Қызық болғанда Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров бұл жайттан хабарсыз болып шықты. Оқиғаның мән-жайын тілшімізден естіп білгенін айтып ақталды.
«Ол іспен полиция айналысу керек. Елімізге көптеген шетел азаматтары келеді, жергілікті заңнама бәрімізге бірдей. Тәртіп болу керек», — деп құтылды.
Сол секілді Мәжіліс депутаттары да қытайлықтардың бұл әрекетінен онша өрескелдік байқай қоймайтынын аңғартты. Депутат Ринат Зайытовтың айтуынша, қытайдың жалпы мәдениеті сондай.
«Жалпы мәдениеті сондай олардың. Былапыт. Үйінде, қоғамдық орындарда қақырып-түкіріп отыра береді. Бұлар үшін қалыпты жағдай. Әдейі жасаған тірлік дей алмаймын», — деп жауап берді Зайытов.
Бұған дейін әлеуметтік желі бетінде дәл Астананың қақ төрінде қытай азаматтарының ішіп алып, дәрет сындырып тұрған видеосы тараған еді. Желі қолданушыларының айтуынша, қытайлар дәрет сындырып тұрған ғимарат Ақорданың маңында орналасқан. Қытайлар бұл ғимаратты жалға алған.
Бүгін Астана қалалық полиция департаменті аталмыш оқиға бойынша, мәлімдеме жасап, Астана орталығында дәрет сындырған шетелдіктерге Қазақстанға кіруге тыйым салынғанын хабарлады. «Полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті бұзғандардың кім екенін анықтады. Олар 35 және 49 жастағы шетел азаматтары болып шықты. Олар Қазақстан Республикасының аумағынан шығып үлгерген. Соған қарамастан кінәлілерге 5 жыл мерзімге Қазақстанға кіруге тыйым салынды», – деп хабарлады полиция департаменті.



