
Халықаралық бокс федерациясы (IBF) қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлын орта салмақтағы әлем чемпионы титулынан айыру туралы шешім қабылдады.
Бұл туралы Қазақстан кәсіби бокс федерациясының президенті Рахымжан Ерденбеков хабарлады.
Ұйымның регламентіне сәйкес, қолданыстағы чемпион титулды жеңіп алғаннан кейін тоғыз айдан кешіктірмей міндетті қорғау жекпе-жегін өткізуге тиіс. Қазақстандық спортшы жағдайында бұл талапты орындаудың соңғы мерзімі 2026 жылғы 4 шілде болып белгіленген.
Міндетті титул қорғау жекпе-жегін белгіленген мерзімде өткізу мүмкін болмағандықтан, IBF басшылығы чемпиондық белбеуді бос деп жариялау туралы шешім қабылдады.
2025 жылдың желтоқсанында Жәнібек Әлімханұлы допинг сынамасынан өте алмай қалған. Осыған байланысты Қазақстан кәсіби бокс федерациясы оны алты ай мерзімге жекпе-жектерден шеттетті.
Әйтсе де Әлімханұлы WBO нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы ретінде тіркеліп тұр. Ақпан айында аталған ұйым допинг сынамасының оң нәтиже көрсетуіне байланысты оны бір жылға — 2026 жылғы 2 желтоқсанға дейін бокстан шеттеткен еді.



